×

Қаңтар оқиғасына қатысты істер алқабилер сотында қаралады

Бұл азаптау деректеріне қатысты істер

 Дәурен Ерболат 23.11.2022 | 13:20
фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаттары «Қазақстанның Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат Берік Бекжановтың айтуынша, бүгінде алқабилер сотталушының қалауы бойынша тек өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген аса ауыр қылмыс жасалған істерді қарауға алады.

Мысалы, 2007-2009 жылдар аралығында алқабилер соты жылына орта есеппен 50 іс қарады. Бұл – жалпы соттармен қаралған істердің 9%-ы. 2010-2012 жылдары алқабилер сотының соттылығы кеңейтіліп, барлық аса ауыр қылмыс бойынша істерді қарастыру нәтижесінде жылына 300-ден аса істер қаралды, - деді Бекжанов Мәжілістің жалпы отырысында.

Ол қазақстандықтардың алқабилер сотына деген сенімінің артуы нәтижесінде 2019 жылы Қылмыстық процестік кодекске тиісті өзгертулер енгізіліп, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алқабилер сотымен қаралатын істер санаты кеңейіп, аса ауыр қылмыстардың 31 құрамы алқабилер сотымен қаралатынын атап өтті.

Бұл саланы одан әрі дамыту, сот жүйесін демократияландыру, азаматтардың сот билігіне тікелей араласу құқығын кеңейту, сенімін артыру үшін заң жобасымен алқабилер сотымен қарастырылатын істердің құрамын кеңейту ұсынылып отыр. Алқабилер сотының құзыретін кеңейтуді қарастыру барысында қылмыстың санатына емес, оның қоғамдағы маңыздылығына көңіл бөлінді, - деді Берік Бекжанов.

Оның айтуынша, заң жобасымен қоғамда үлкен резонансқа айналып жүрген жүргізушілердің жол жүрісі немесе көлiктерді пайдалану қағидаларын бұзу салдары және алкоголь, есірткіні тұтынып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғуға қатысты істер құрамын алқабилер сотының құзыретіне беру көзделген.

Ресми статистикаға сәйкес, бұл фактілер бойынша былтыр барлығы 98 қылмыстық іс қарастырылса, биыл 9 айда олардың саны 85-ке жетіп, қоғамның қызу талқысына түскен.

Жылдың басында болған қаңтар оқиғасын ескеріп, азаптауға қатысты істер де ерекше назарға алынды. Мұндай істер ашықтықты талап етеді. Президент азаптауға қатысты істер бойынша бейтарап және объективті тергеу жүргізуді қамтасыз етуді тапсырды. Ол істер тек ел ішінде ғана емес, халықаралық ұйымдардың жіті назарында. Оған қоса, бұл қылмыс санатының саны да жылма жыл өсіп келеді: 2020-2021 жылдары 6 іс қаралса, биыл 9 айда 5 іс қаралды. Сондықтан бұл істерді қарауды алқабилерге беру қоғам талабына сай шешім болады, - деді депутат.

Дауыс беру нәтижесінде депутаттар аталған заң жобасын мақұлдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама