×

Жұмысшысының қаза табуына себепкер болған мекеме басшысы рақымшылыққа ілікті

Жұмысшы 8 метр биіктіктен құлап, қаза тапқан

 Динара Амантай 21.11.2022 | 17:58
Фото: egemen.kz

Қарағанды қаласында абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеті үшін айыпталған мекеме басшысы рақымшылыққа ілініп, негізгі жазадан босатылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Анықталғандай, 2021 жылдың 5 тамызында Д. құрылыс-бөлшектеу ұйымының басшысы ретінде өз қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттер жүктелген адам бола тұра, Қарағанды қаласының Аманжолов көшесінде орналасқан ғимарат қаптамасын бөлшектеу бойынша биіктікте жүргізілетін жұмыстар барысында Ц.-ны наряд рәсімдемей жұмысқа жіберіп, осы әрекетімен еңбекті қорғау бойынша кіріспе нұсқауын өткізу туралы нұсқаулығын бұзған.

Осыдан кейін биіктіктегі ғимарат қаптамасын бөлшектеу жұмыстары бойынша Д. жалдау және қызмет көрсету шартынсыз, қауіпсіздік техникасын және еңбекті қорғау нұсқаулығын өткізбестен, көтеру қондырғысының тиісті тексеруден өткендігін растайтын құжаттарсыз, автогидравликалық көтергіш жүргізушісін жалдаған. Ол өз кезегінде өзінің техникасының қызмет көрсетуге жарамдылығын тексермеген.

Содан кейін Ц. Д.-ның нұсқауы бойынша автогидравликалық көтергіш себетінде ғимараттың қабырғасындағы қаптамаларды бөлшектеу жұмыстарына кіріскен. Аталаған техниканың төменге түсуі барысында жебенің жоғарғы жағы үзіліп, соның салдарынан Ц. 8 метр биіктіктен құлап, қаза тапқан еді.

Сотталушының кінәсі куәлардың жауабымен, сотта зерттелген сараптама қорытындыларымен, мемлекеттік еңбек инспекторының актісімен және жазбаша материалдармен дәлелденді.

Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған қылмыс 2021 жылдың тамыз айында жасалған. Сондықтан 2021 жылғы 7 желтоқсандағы №81 «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сейкес сотталушы Д.-ға онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін негізгі жазадан босатылуы туралы қағида қолданылды. Осыған орай, сот Д. Қылмыстық кодекстің 156-бабы 3 бөлігімен кінәлі деп танылып, оны рақымшылық актісіне сәйкес негізгі жазадан босатып, оған қауіпсіздік техникасы ережелері мен басқа да еңбекті қорғау ережелерін қамтамасыз етумен байланысты лауазымдарды атқару құқығанан 2 жыл мерзімге дейін айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама