×

Алматы облысында оқушылар бір-бірін таптап кете жаздады: мектеп директоры жағдайды түсіндірді

Оқиға Талғардағы мектепте 17 қарашада болған

 Халық үні 18.11.2022 | 12:47
Halyq Uni

Әлеуметтік желіде мектеп гардеробында түсірілген видео тарады. Ол жерде киімін алуға барған оқушылардың бір-бірін таптап кете жаздағаны түсірілген. Сондай-ақ оқушы қыздың құлап қалғаны, бірақ оған ешкімнің назар аудармағаны көрсетілген.

Оқиға Алматы облысы Талғар қаласындағы Абай атындағы №3 мектепте 17 қарашада болған.

Halyq Uni мектеп әкімшілігіне хабарласып, бұған не себеп болғанын анықтады.

Мектеп директорының айтуынша, білім ордасында гардеробқа жауапты қызметкер үшін арнайы жұмыс орны қарастырылмаған. Сол себепті бекітілген кезекшілер мектеп ішіндегі тәртіпке жауап береді.

«Күрделі жөндеу жүргізілгеннен кейін, мектеп дәлізінің көлемі кішірейіп қалды. Бізде гардеробқа жауапты қызметкерге бөлінген штат жоқ, сол күнге бекітілген кезекшілер балаларға жауапты болады. Оқушы қыздың жағдайы жақсы, ата-анасы тарапынан ешқандай шағым түспеді. Мектеп оқушылары сабақтан бір уақытта шыққан», - деді мектеп директоры Жанар Құмарова.

Айта кетейік, Талғардағы №3 мектепте 2 110 оқушы білім алып жатыр. Алайда мектеп 1 720 балаға арнап салынған. Оқушылар екі ауысыммен оқиды.

Мөлдір Бегімбет, Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама