×

БҚО-да Ресейден келген 227 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Жыл басынан бері Өзбекстаннан келген бес азаматқа қандас мәртебесі берілді 

 Халық үні 17.11.2022 | 11:02
Коллаж Halyq Uni

Батыс Қазақстан облысында Ресейден келген екі жүзден астам этникалық қазаққа қандас мәртебесі берілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл туралы облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мәлімдеді.

«Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында 232 адам қандас мәртебесін алды. Оның ішінде 5 адам – Өзбекстан азаматы, қалғаны Ресейден келген. Өтініш беру кейінгі үш айда жиіледі. Азамат 90 күннің ішінде азаматтық алып, тұрғылықты мекенжайға тіркеле алады. Барлығы да Қазақстан азаматтығын алуға өтініш берді»,- дейді басқарманың бас маманы Ерболат Сағынов.

Айта кетейік, бұған дейін Орал қаласында Ресейден келген этникалық қазақтар уақытша тұра алатын орталық ашылғаны хабарланды.

Этникалық қазақтарды уақытша орналастыру орталығы Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында қыркүйекте ашылды.

Жергілікті атқарушы орган этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне қандас мәртебесін беру туралы шешімді өтініш тіркелген күннен бастап 4 жұмыс күні ішінде қабылдап, «қандас» куәлігін береді немесе дәлелді түрде бас тарта алады.

Этникалық қазақтың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) болса, құжаттарды қарау және қандас мәртебесін беру 3 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама