×

Қаңтарда ПД-дан қару ұрлаған 2 адам сот залынан босап шықты

Олар өз кінәсін толық мойындады

 Динара Амантай 14.11.2022 | 17:40
Фото: mlm-goodnews.ru

Қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облыстық полиция департаментінен атыс қаруы мен оқ-дәрілерді ұрлаған екі сотталушы рақымшылықпен сот залынан босап шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Тараз қаласының №2 сотында алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобының қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ұрлау, заңсыз тасымалдау және сақтау (291-баптың 3-бөлігі, 4-тармағы) бойынша айыпталған 2 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Анықталғандай, енгізілген шектеулер мен төтенше жағдайға қарамастан, сотталушылар 2022 жылғы 5 қаңтарда өздерінің қоғамдық қауіпті әрекеттерін жүзеге асыра отырып, алдын ала сөз байласу арқылы қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында жаппай тәртіпсіздік жағдайын пайдалана отырып, Жамбыл облыстық полиция департаментінің ғимаратына кіріп, атыс қаруы мен оқ-дәрілерді ұрлап кеткен.

Айыпталғандардың кінәсі іс бойынша жиналған айғақтармен дәлелденді.

Прокурор сотталушылар У. мен Д.-ны 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушылар өз кінәларын толық мойындады.

Жазаны тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын өкіну, мүліктік залалды ерікті түрде өтеуді таныды. Ауырлататын жағдайлар деп төтенше жағдайда қылмыс жасауды таныды.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, У., Д.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу тағайындалды.

Сондай-ақ 2022 жылғы 2 қарашадағы «Рақымшылық жасау туралы» Заңның 3-бабының 3-бөлігіне сәйкес, жаза мерзімі 3/4 бөлігіне қысқартылып, әрқайсысына 10 ай 15 тәулікке бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын толық өтеуіне байланысты (тергеу кезінде олар қамауда болды) сотталушылар сот залынан дереу босатылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама