Halyq Uni логотип
×

Әкімдік пен министрлік бейхабар: Жетісу облысында 100-ден аса бала апатты мектепте оқып жатыр

12 жылдан бері мектептің бір бөлігі жабық тұр

 Халық үні 14.11.2022 | 17:25
Әкімдік пен министрлік бейхабар: Жетісу облысында 100-ден аса бала апатты мектепте оқып жатыр
Коллаж: Халық үні

Жетісу облысындағы ауылда оқушылар апатты жағдайда тұрған мектепте оқып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сарқан ауданына қарасты Көктерек ауылындағы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектеп 1983 жылы салынған.

Кейінгі жылдары мектеп ғимараты балалар үшін қауіпті болып отыр. Ғимараттың сол жағының қабырғасы жарылып кеткен.

Мектеп директорының айтуынша, 2010 жылдан бері мектептің бұл бөлігі жабық. Ол жерде спортзал, акт залы мен асхана болған.

Қазір балаларға дене шынықтыру сабағын өткізу үшін кабинет қарастырылған. 2010 жылы мектеп апатты деп танылды. 2014 жылы балалар оқып жатқан бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, дейді Қаламқас Қасымбаева.

Қазір екі қабатты нысанда 104 бала білім алуға мәжбүр. Олардың ата-анасы балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдаулы.

Менің бұл мектепте екі балам оқып жатыр. Мектеп мәселесі тезірек шешілсе дейміз. Балаларға тамақтанатын орын, үлкен спортзал аса қажет, дейді ауыл тұрғыны Боран Аталықов.

Мәншүк Мәметова атындағы орта мектеп директоры білім ошағының апатты бөлігі сабақ беру процесіне ешқандай кедергі келтірмейтінін айтады. Тек асхана жоқтығынан аз қамтылған отбасы балаларына қарастырылған тегін ыстық тамақ орнына киім-кешек таратылады.

Жетісу облысы білім басқармасы бұл мәселе 2023 жылдың көктемінде шешілетінін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін редакция Жетісу облысы әкімдігіне ресми сауал жолдап, өңірде апатты жағдайда тұрған мектептің бар-жоғын нақтылады

Әкімдік облыста апатты мектептер жоқ екенін, 2022 жылы 12 мектеп құрылысы жүріп жатқанын хабарлады. Оның ішінде 10 мектеп биыл қолданысқа берілетіні айтылды. 

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, 2022-2023 оқу жылында республика бойынша орта білім беретін 7 670 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 33 мектеп апатты жағдайда тұр.

Ақмола облысында 2 мектеп, Ақтөбе облысында – 4, Атырау облысында – 4, Батыс Қазақстан облысында – 6, Қарағанды облысында – 3, Маңғыстау облысында – 2, Солтүстік Қазақстан облысында – 3, Түркістан облысында – 4, Алматы қаласында бір мектеп апатты жағдайда тұр.

Әмина Құдайберген, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама