×

Мектеп дәретханасы: министрлік екі облыс әкімдігі таратқан ақпаратты жоққа шығарды

Түркістан және Қарағанды облысы әкімдігі берген мәлімет оқу-ағарту министрлігі ақпаратына сәйкес келмейді

 Айгерім Таубай 13.09.2022 | 17:39
Коллаж: Халық үні

2019 жылдың қарашасында Тараздағы мектептердің бірінде сабақ кезінде дәретханаға сұранып шыққан қызды зорлап кеткен еді. Сол оқиғадан кейін білім саласына жауапты министрлік елдегі барлық мектептің дәретханасын ғимарат ішіне ауыстыру бойынша жұмысты бастады. Үш жылға жуық уақыт ішінде елдегі мектептердің басым бөлігі жаңа талапқа сай болды. Алайда қазірге дейін 26 мектепте ғимарат ішіне дәретхана орнатылмаған. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Министрліктің хабарлауынша, 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 26 мектептің ішінде дәретхана жоқ, оның ішінде 8 мектептегі мәселе әлі шешілмеген.

«2 мектепте дәретхана орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 7 мектептегі мәселеге қатысты сатып алу бойынша конкурстық рәсім өткізіліп жатыр», - деп хабарлады оқу-ағарту министрлігі.

Сондай-ақ 9 мектепте дәретхана ғимараты салынып жатыр.

8 мектепте ғимарат ішінде дәретхана орнату мәселесі шешілмеген. Қарағанды облысында мұндай 5 мектеп, Түркістан облысында 3 мектеп бар, - деп хабарлады министрлік.

Алайда аталған екі облыстың әкімдігі Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында өңірдегі барлық мектепте дәретхана мәселесі шешілді деп жауап берді.

Түркістан облысы адам әлеуетті дамыту басқармасы облыс бойынша 908 мемлекеттік мектеп барын және барлық мектепте дәретханалар ғимарат ішінде орналасқанын мәлімдеді.

«Түркістан облысының мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында 908 мектепте ішкі және 804 мектепте ғимарат сыртында дәретхана бар. Қазір мектеп сыртындағы дәретханалар пайдаланылмайды. Мемлекеттік мектептің 81-і орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған, 827-і жеке кәріз жүйесін (септик) пайдаланады», - делінген басқарма берген ақпаратта.

Оқу-ағарту министрлігі берген ақпаратқа сай Қарағанды облысындағы бес бірдей мектепте бұл мәселе шешілмеген. Алайда облыс әкімдігі «мәселе жоқ» деп жауап берді.

«Қазір облыста ауладағы дәретханалар мәселесі толығымен шешілген. Облыстағы барлық білім беру ұйымдарында жылы дәретханалар орнатылған», - деп хабарлады Қарағанды облысының білім басқарма.

33 МЕКТЕП АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА ТҰР

2022-2023 оқу жылында республика бойынша орта білім беретін 7 670 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 33 мектеп апатты жағдайда тұр.

Ақмола облысында 2 мектеп, Ақтөбе облысында – 4, Атырау облысында – 4, Батыс Қазақстан облысында – 6, Қарағанды облысында – 3, Маңғыстау облысында – 2, Солтүстік Қазақстан облысында – 3, Түркістан облысында – 4, Алматы қаласында бір мектеп апатты жағдайда тұр.

Алайда Қарағанды облысы әкімдігінің ресми жауабында апатты жағдайда тұрған екі мектеп қана көрсетілген.

«Қарағанды облысында апатты жағдайда тұрған екі мектеп бар. Олар – Бұхар жырау ауданы Новостройка ауданындағы және Қарқаралы ауданының Талды ауылындағы мектеп. Қазір бұл екі мектепте 245 бала білім алып жатыр, - деп хабарлады Қарағанды облысының білім басқармасы.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, апатты деп танылған мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Олардың орнына жаңа мектеп ғамаратын салу жұмыстары жүргізілуге тиіс.

«Қазір апатты жағдайдағы мектептердің орнына жаңа 21 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады министрлік.

Айта кетейік, министрлік 2025 жылға дейін мың мектеп салынатынын мәлімдеді. Сол арқылы 3 ауысымдағы, апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама