×

Жетісу облысы мектептерінде 65 жұмыс орны бос тұр

Облыс мектептеріне 26 педагог-ассистент және 39 мұғалім қажет

 Айгерім Таубай 18.09.2022 | 12:38
Фото: Halyq Uni

Жетісу облысында 40-қа жуық мұғалімнің орны бос тұр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, өңірде 2022-2023 оқу жылында 342 мектеп жұмысын бастады. Оның ішінде 338 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп және 3 жекеменшік және Назарбаев зияткерлік мектебі бар.

Мемлекеттік 338 мектепте 128 820 оқушы, жекеменшік 3 мектепте 806 оқушы, НЗМ-де 823 бала білім алады.

«Мемлекеттік 338 мектеп 100% компьютермен қамтамасыз етілген. Облыс бойынша 44 032 компьютер бар, 1 компьютерге келетін оқушы саны 3,4-ді құрайды.  Интерактивті тақталармен барлық мектеп қамтамасыз етілген, биыл 90 жаңа модификациялық интерактивті тақтасы бар физика, химия, биология кабинеттері сатып алынды», - деп хабарлады басқарма.

Сондай-ақ облыста апатты мектептер жоқ. 2022 жылы 12 мектеп құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде 10 мектеп биыл қолданысқа беріледі.

«Оқу жылының басында Панфилов ауданы Басқұншы ауылындағы 300 орындық орта мектеп, Үштөбе қаласында мектепке қосымша 200 орындық ғимарат пайдалануға берілді, қалған 8 мектеп биыл жылдың соңына дейін аяқталады», - делінген ақпаратта.

Жаңа оқу жылында облыс бойынша 39 мұғалімге қажеттілік бар. Оның ішінде орыс сыныбына 2 бастауыш сынып мұғалімі, тарих пәнінен екі мұғалім, орыс тілі мен әдебиетінен бір маман, математикадан 5 мұғалімі, қазақ тілінен бір маман қажет.

Қазақ сыныбына информатика пәнінен бір маман, математикадан – 11, физикадан – 4, химиядан – 2, ағылшын тілінен – 7, орыс тілі мен әдебиетінен 3 мұғалім қажет.

2021 жылы мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Мамандар ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылармен жұмыс істейді. Облыс бойынша 33 педагог-ассистент қызмет етеді. Оның ішінде 15 маман қала мектептерінде, 18 ауыл мектептерінде жұмыс істейді. Қосымша 26 педагог-ассистент қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама