×

Ресей бір аптада Украинамен келіссөз жүргізуге бес рет ишара білдірді

Зеленский келісімге бес талап қойып отыр

 Дастан Жұмабекұлы 14.11.2022 | 13:23
фото: ria.ru

Ресей дипломаттары мен шенеуніктері өткен аптада Украинамен келіссөз жүргізуге дайын екендері жөнінде бес мәрте ишара жасады. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.

Басылым Ресей тарапының мұны Украина қарулы күштерінің соңғы апталарда болып жатқан дүркін-дүркін жеңістерінің фонында жасалып жатқанына назар аударды. Осы кезге дейін украин әскерлері РФ армиясының басқыншылық шабуылын бастағалы бері жаулап алған жерлерінің жартысын қайтарып үлгерді.

«Ресей «ешқандай алдын ала шарт қоймай-ақ ашық диалог жүргізуге дайын», – деді РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков украин армиясы Херсонның шетіне кіргеннен бірнеше сағаттан кейін.

Біз бұдан бұрын да дайын едік. Бірақ Киев өзінің батыстағы кураторларының пәрмені бойынша жалпы әлдеқандай бір құжаттар жасап шығып, ілгері жылжи бастаған диалогты үзіп тастады. Бұдан арғысы бізге байланысты емес, – деді Рябков.

Сол күні дипломатия жайлы әңгімені РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та айтты.

Бұған дейін, 8 қарашада Украина президенті Владимир Зеленский келіссөзді жалғастырудың ендігі басты шарттары қандай екенін атап көрсетті. Ол бес тармақтан тұрады. Мұның қатарында 1) Украинаның территориялық тұтастығын қалпына келтіру; 2) БҰҰ-ны құрметтеу; 3) шығындар төлемақысын өтеу; 4) соғыс қылмыскерлерін жазаға тарту; 5) қайта шабуыл жасалмайтынына кепілдік беру бар.

Politico атап көрсеткендей, бұл жолғы жаңартылған талаптардың арасында бұрын айтылып келген РФ президенті Владимир Путиннің қызметінен кетуі керектігі мәселесі жоқ болып шықты.

Зеленский Ресей қыркүйектің соңында Украинаның төрт облысын аннексиялап алғаннан кейін Путин президенті болып отырған Мәскеу билігімен ешқандай келіссөз жүргізбейтінін бірден айтқан болатын.

Біз Ресеймен келіссөз жүргізуге дайынбыз. Бірақ енді басқа президентпен жүргізетін боламыз, – деді ол сол кезде.

Зеленскийдің офисіндегілер мұны Киевтің келіссөзден бас тартпайтынымен, бірақ келіссөз үстеліне жайғасатындар арасында Путиннің болмауы керектігімен, себебі Украинаның Ресейден басып алған территорияларынан әскерлерін алып кетуді талап етіп отырғанымен түсіндірген еді.

«Путин бұған дайын ба? Әрине, жоқ. Егер солай болса, біздің конструктивті бағалауымыз бойынша, енді тек Ресейдің келесі президентімен сөйлесетін боламыз», – деп атап өтті Украина президенті кеңсесі төрағасының кеңесшісі Михаил Подоляк.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама