×

Астанада екі жігіт ер адамды соққыға жығып, 1400 долларын алып кеткен (ВИДЕО)

19 және 17 жастағы күдіктілердің екеуі де ұсталды

 Динара Амантай 12.11.2022 | 12:30
Фото: polisia.kz

Астанада екі жігіт өтіп бара жатқан адамды ұрып-соғып, тонап кеткен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 102 пультіне 26 жастағы азаматтан Қордай көшесінде екі белгісіз жігіт оны ұрып-соғып, тонап кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Шабуыл жасалған сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Бейнежазбада екі жігіттің ер адамға жақындап келіп, бірден оны ұрып-соққаны бейнеленген. Тонаушылар жәбірленушінің қолынан сөмкені жұлып алып, қаша жөнелген. Сөмкенде 1400 АҚШ доллары көлемінде ақша болған.

«Алматы» аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 19 және 17 жастағы күдіктілердің екеуін де ұстады.

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тонаушылық жасаған 19 жастағы күдіктілердің біреуі ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кәмелетке толмаған жасөспірімді ювеналды полиция қызметкерлері ерекше бақылауға алды.

Олардың шетел валютасын теңгеге айырбастап, кейін біраз бөлігін өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгергені анықталды. Қалған қаражат тәркіленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама