×

Астаналық әйел бөтен адаммен некеде екенін 21 жылдан кейін бір-ақ білген

Белгісіз «жұбайын» іздеп тапқанмен, ол АХАТ бөліміне барудан үзілді-кесілді бас тартқан

 Еркеғали Болатұлы 10.11.2022 | 13:45
фото: dknews.kz

Aстана тұрғыны электронды үкімет порталы арқылы өзінің 21 жыл бұрын тұрмысқа шыққанын білген. Бір қызығы, әйел «күйеуін» тіпті танымайтын болып шықты.

Бұл келеңсіз жайтті дереу шешпек болған ол тіркеу орындарына жүгініпті. Алайда АХАТ мамандары оған «некені бұзу үшін күйеуімен келіп, бірге өтініш жазу керектігін» айтқан. Амалы болмаған әйел 21 жыл некеде болған белгісіз «жұбайын» іздеп тауып, одан некені жоққа шығару туралы өтініш жазуын сұрайды. Ал ол АХАТ бөліміне барудан да, өтініш жазудан да үзілді-кесілді бас тартқан.

Содан әйел Астана қаласының әділет департаментіне шағымданады. Бірақ ондағылар да «некені жоққа шығару үшін ерлі-зайыпты өтінішті бірге жасауы керек» дегенді алға тартқан. Дегенмен қағаз түріндегі акт жазуында некеге тұрғандардың қолы жоқ.

Осыдан кейін әйел елорданың әкімшілік сотына жүгінді. Ол соттан «күйеуін» некенің күшін жоюға мәжбүрлеу туралы талап еткен. Судья дауды қараудың құқықтық салдарын түсіндіре отырып, тараптармен әңгіме жүргізді, - деп мәлімдеді Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.

Нәтижесінде екі тарап келісімге келіп, атқарушы орган тіркелген неке қию актісінің күшін жоюға міндеттелді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама