Halyq Uni логотип
×

Президент оқушылардың электронды темекіге әуестеніп бара жатқанын айтты

Қазақстанда алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынған

 Халық үні 08.11.2022 | 11:15

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Атырау облысына барып, өңір жұртшылығымен кездесті. Президент кездесу барысында электронды темекіге әуестеніп бара жатқан оқушылар туралы айтты.

«Біз бүкіл қоғам болып есірткіге қарсы табанды түрде күресуге тиіспіз. Бұл ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін өте маңызды. Жастардың жат қылыққа бой алдыруына жол бермеуіміз керек. Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай», – деді Тоқаев.

Қазақстанда алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынған.

«Бірақ, бұл талап іс жүзінде орындала бермейді. Құзырлы органдар бақылауды күшейтуі керек. Қоғамда энергетикалық сусындарды жастарға сатуға тыйым салу қажеттігі жиі айтылады. Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдауы керек.

Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар. Біз ұрпақтың денсаулығын және тәрбиесін бүгін ойламасақ, ертең кеш болуы мүмкін», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 2022 жылдың қазанында әлеуметтік желіде Атырауда оқушылардың электронды шылым шегіп жүргені түсірілген видео тарады. Ол жерде он шақты оқушы электронды шылым шегіп, бірнеше құрылғыны кезек-кезек қолданып жүр. Соған байланысты облыстың білім басқармасы пікір білдірді.

«Мектеп оқушылары тұрғын үйдің алдында электронды шылым (вейп) шегіп жүргені көрсетілген видео тарады. Осыған орай шұғыл түрде №16 мектеп оқушыларының ата-анасы шақыртылып, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар ата-аналардың қатысуымен оқушыларға профилактикалық жұмыстар жүргізді», - деп хабарлады Атырау облысы білім басқармасы.

Сондай-ақ Атырау қаласы полиция басқармасы оқушылардың темекі бұйымдарын пайдаланған видеосына байланысты тексеру жүргізді. Нәтижесінде видеодағы оқушыларды анықтап, 7 баланың ата-анасына әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 441-бабы 1-бөлігі («тыйым салынған жерде темекі бұйымын тұтыну») бойынша хаттама толтырды. Ата-аналарға 45 945 теңге айыппұл салынды.

Ал елорда мектептерінің бірінде оқитын 11-сынып оқушысы Halyq Uni тілшісіне электронды темекіге әуес болғанына үш жылдан асқанын айтып, сұқбат берді. Ол 9-сыныпта оқып жүргенде құрбыларымен бірге әлеуметтік желідегі жарнамаға қызығып, сатып алған.

«Басында қызық үшін шегіп көрдік, бірден ұнап қалды. Мектепте 5 минут сайын дәретханаға барып шегеміз. Онсыз болмайды. Әрі бәрі бір-бірінен «пар бар ма?» деп сұрап жүреді. Мектепте кімде «одноразка» бар, соны іздейді. Сұрап шегеді. Егер өзімізде болмаса, 7-сынып оқушыларынан сұраймыз. Дәретханаға бесеуіміз бірге кіріп, электронды темекінің қызығына батамыз. Кальян шекпеймін, өйткені оған бару керек, ұзақ процес. Ал электронды темекіні кез келген жерде шеге бересің, алып жүруге ыңғайлы», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама