×

Қаңтар оқиғасы: Бас прокуратура 900-ге жуық адамға қатысты мәлімдеме жасады

5 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған

 Динара Амантай 07.11.2022 | 16:11
Фото: ашық дереккөз

Қаңтар оқиғасына қатысы 878 сотталғанға байланысты мерзімді қысқарту және жазадан босату туралы ұсыныстар жолданды. Бұл туралы Бас прокуратура Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, мемлекет басшысының ауырлататын мән-жайлар болмағанда жазаны жеңілдету бойынша тапсырмаларын орындау мақсатында прокурорлар соттарды бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларды тағайындауға бағытталуда.

Бас прокуратура өзінің тарапынан жергілікті прокурорларға «Рақымшылық жасау туралы» Заңының нормаларын біркелкі қолдануын және қатаң заңдылықты сақтауын қамтамасыз ету туралы тапсырма берді. Бүгінде жазаны орындайтын органдармен 878 сотталғанға қатысты соттарға мерзімді қысқарту және жазадан босату туралы ұсыныстар жолданды, – деді Елдос Қилымжанов.

Бұған қоса, ол тергеу органдарымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында орта дәрежелі қылмысты жасағаны үшін 5 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылғанын жеткізді. Басқа адамдар ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасаған. Оларға рақымшылық сотпен қолданылатын болады. Оларға тағайындалған жазалардың мөлшері қайта қаралатын болады.

Бас прокуратураның ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, бас бостандығынан айыруға 122 адам сотталды, бас бостандығын шектеуге – 521, шартты жазамен – 419, қоғамдық жұмыстарға – 7, айыппұл 6 адамға тағайындалса, 14 іс ақталмайтын негіздермен тоқтатылған.

Сонымен қатар процестік келісім институты кеңінен қолданылуда. Ол сотталушы кінәсін мойындаған және жазаның түрі мен мөлшерлеріне келіскен жағдайда істерді 10 күн ішінде қарауға мүмкіндік береді. Өткен мерзімде прокурорлармен 431 күдіктімен кінәні мойындау туралы келісім жасалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама