×

Абай облысында мүгедектігі бар жігіт 12 жыл бойы құлдықта болған (ВИДЕО)

Бұрын бірнеше рет сотталған 54 жастағы адам жәбірленушіні 11 шаруа қожалығына сатқан

 Динара Амантай 03.11.2022 | 17:12
Фото: zhaikpress.kz

Абай облысында 26 жастағы ер адам 12 жыл бойы құлдықта жүрген деп хабарлады Halyq Uni тілішісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, өзіне бекітілген аумақты тексеру барысында Жарма ауданының Шар қаласы ПБ тәртіп сақшысына шаруа қожалықтарының бірінің басшысы қоңырау шалып, жаңа жұмысшы жалдағанын хабарлаған. Шаруа қожалығына келген полиция қызметкері жұмысқа жаңадан кіріскен жалдамалының құжаттарының жоқтығын анықтаған. Жас жігіт полицейдің қойған сауалнамалық деректерін де айта алмаған.

Тергеу барысында 2010 жылдың қараша айынан бастап 26 жастағы ер адамның 11 шаруа қожалығында құлдықта болғаны анықталды. Анықталғандай, бұрын бірнеше рет сотталған 54 жастағы Семей тұрғыны 26 жастағы Тарбағатай ауданының тұрғынымен Тұғыл ауылына балық аулауға барғанда танысқаны мәлім болды. Физикалық тұрғыдан жетілген жас жігіттің психикалық ауытқуын байқаған ол жігітті шаруашылықта жұмыс күші ретінде пайдалану туралы ойға келген. Жәбірленушіні 12 жылдан аса уақыт бойы Семей қаласы, Абай, Ұлан және Жарма аудандарындағы шаруа қожалықтарында жұмыс істеу үшін сатып отырған. 54 жастағы азамат шаруа қожалығы иелеріне өзін жігіттің туысымын деп таныстырған. Олардан алдын ала жалақысын алып, қалтасына басып отырған. Жәбірленушінің жылдар бойы еңбегіне берілген ақы 2 млн теңгені құраған.

Сонымен қатар, қаскөй мүгедектің ай сайынғы зейнетақы жинақтары мен әлеуметтік төлемдерін жымқырып отырған. Залалдың жалпы сомасы 4 млн теңгеден асады.

Қазір жәбірленуші туыстарына табысталды, ал күдікті Жарма ауданының аудандық сотымен ҚР ҚК 128-бабының 2-бөлігі 2, 8, 11, 12-бөлектері («Адам саудасы») және 190-бабы 1-тармағының 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен қауіпсіздігі орташа колонияда 4 жыл, 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деді Абай облысы ПД бастығының орынбасары Нариман Күлдіков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама