×

Параға қой алудан бас тартқан ҚАЖ қызметкері медальмен марапатталды

Олар өз қызметін адал атқарған

 Дәурен Ерболат 28.10.2022 | 10:19
Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрінің бұйрығымен пара алудан бас тартқан ІІО қызметкерлері медальдармен марапатталды деп хабарлады Polisia.kz.

21 қазанда Астанадағы дүкендердің бірінің сатушысы 21 жасқа толмаған адамға алкоголь мен темекі сатқан. Ол әкімшілік жауапкершіліктен жалтаруға тырысып, учаскелік полиция инспекторы Бақытжан Құлжановтың күртешесінің қалтасына 50 мың теңге салады. Дәл осы сәт полицейдің бейнетіркегішіне түсіп қалады. Сатушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

24 қазанда Атырау-Орал автожолында патрульдік полиция қызметкері Ризабек Сапанов Chevrolet Lacetti көлігін тоқтатады. Рөлде 32 жастағы Ресей азаматы отырған. Ол көлікті сақтандыру полисінсіз басқарған. Жүргізуші инспекторға құжаттарын ұсынғанда өзін әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін 500 рубльді (3798 теңге, 1 рубль – 7,6 теңге) қоса береді. Ақшаны беріп жатқан сәт Сапановтың бейнетіркегішіне түсіп қалған. Ол оқиға орнына Атырау қаласы ПБ Жедел-тергеу тобын шақырды. Бұл факті бойынша полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 367-бабы 1-бөлігі («Пара беру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Қазанның ортасында Ақмола облысы мекемелерінің бірінде болған оқиға бәріне белгілі. Жуырда колониядан шыққан ер адам ҚАЖД қызметкері Салтанат Жакеноваға қоңырау шалып, оған бір қой мен «ай сайынғы азық-түлік сыйақысын» ұсынып, өзімен бірге тұратын әйелді пробациялық тексеруден босатып алмақ болған. Осыған байланысты 37 жастағы ақмолалық ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығының жолын кескені үшін 3 қызметкер де медальмен марапатталды.

Елордалық учаскелік полиция инспекторы 32 жастағы Бақытжан Құлжанов пен Атырау облысы ПД патрульдік полиция ротасы қызметінің инспекторы 37 жастағы Ризабек Сапанов «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Сондай-ақ Ақмола облысы бойынша ҚАЖД Егіндікөл ауданы пробация қызметінің инспекторы Салтанат Жәкенова «Қылмыстық атқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Ол ІІО-да 2020 жылғы наурыздан бері жұмыс істейді. Тұрмысқа шықпаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама