×

Министрлік Ресейден неше студент қазақстандық ЖОО-ға ауысқанын хабарлады

Студенттердің басым бөлігі елімізде бизнес, басқару және құқық мамандығы бойынша білім алып жатыр

 Халық үні 25.10.2022 | 10:15
фото: mk.ru

Ресейдің жоғары оқу орындарынан 2 мыңнан астам студент қазақстандық университеттерге ауысып келді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Министрліктің хабарлауынша, 2022 жылдың қыркүйегіндегі мәлімет бойынша ресейлік университеттерден қазақстандық 66 жоғары оқу орнына 2 мыңнан астам білім алушы қабылданды.

«Білім алушылар ақылы негізде бірнеше сала бойынша ауыстырылды: бизнес, басқару және құқық; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар; жаратылыстану ғылымдары; математика және статистика; инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», - деп хабарлады ғылым және жоғары білім министрлігі.

Сондай-ақ бұл қатарда өнер және гуманитарлық ғылымдар, денсаулық сақтау, педагогика ғылымдары да бар.

Айта кетейік, Қазақстанның жоғары оқу орындарында 28 964 шетелдік студент оқиды.

Министрліктің мәліметінше, олар әлемнің 72 елінен келген. Соның ішінде ТМД елдерінен – 15 598, Азиядан – 12 341, Таяу Шығыстан – 698, Африкадан – 177, Еуропадан – 111, Америкадан – 34 студент білім алып жатыр. Тағы 5 студенттің азаматтығы жоқ.

Шетелдік студенттер Қазақстанның 95 университетінде білім алып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама