×

«Балаларға қауіпсіз». «Химик-Атырау» тұрғындары елдімекен мәртебесін беруді сұрайды

Атырауда 50-ге жуық тұрғын Мәжіліс депутаттарына мұңын шақты

 Айнұр Асылбекқызы 23.02.2022 | 14:25
фото: Halyq Uni

21 ақпан күні Атырауда 50-ге жуық тұрғын өздері тұрып жатқан елдімекеннің мәртебесін өзгертуді талап етті. Жергілікті билік талабын ескермей жүргенін айтқан тұрғындар қалада жұмыс сапарымен жүрген Атыраудан сайланған парламент мәжілісінің депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов, Сәлімжан Нақпаев, Нұрлыбек Ожаевпен кездесті.

Олар кезінде қала іргесіндегі «Химик-Атырау» бау-бақша қоғамы аумағына қарасты жер телімдеріне тұрғын үй салып, қоныс тепкен. Содан бері жол мен электр қауіпсіздігі мәселелерінен көз ашпай келе жатқанын айтады. Ал бұған бюджеттен қаржы қаралу үшін бау-бақша қоғамы аумағына жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған елдімекен мәртебесі берілуге тиіс. Бұл үшін құжаттарды қайта ресімдеу қажет. 

Тұрғындарды алаңдатқан басты мәселе - тұрғын үйлердің үстінен жүріп жатқан жоғары кернеулі электр сымдары мен бағандардың қауіпті жағдайы. Олардың айтуынша, бұл бағандар 30 жылдан бері ешбір балансқа алынбай иесіз тұр. Сонымен бірге, бағандар бетоннан емес, ағаштан орнатылған.

«Үй ауласында балаларымыз ойнайды. Жоғары кернеулі сымдар біріміздің ауламыздың үстінен өтіп жатыр. Балаларымыздың қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз. Ешқайда баланста болмаған соң, электр бағандарына күтім де жасалып жатқан жоқ. Былтыр жаз айында жоғары кернеулі электр бағанының бірінен өрт шығып, баған жанып кетті. «Атырау-Жарыққа», әкімдікке бірнеше айтсақ та әлі назарға алынбай, иесіз тұр», - дейді жергілікті тұрғын Бауыржан Пазылов. 

Келесі мәселе – жол. Жаңбыр жауса көше батпаққа айналып, балалардың автобустан үйге дейін жетуі мұң екен. 

Кезінде жарық, газ, су тартуға рұқсат берілген соң, осы жерімізге тұрғын үй салып қоныстандық. Өзіміз жиналып трансформатор сатып алып, жарықты да өзіміз жүргіздік. Енді қазір бұл жерде үй көбейді, 2500 халық тұрады. Сырқаттанып қалсақ, батпақ жолдан жедел-жәрдем үйге кіре алмайды. Бізге елдімекен стасусын беріңіздер, - дейді тұрғындар.

Бұл сұраққа кездесуге келген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Омаров жоғары кернеулі иесіз электр бағандарын әкімдіктің балансына алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Көтерілген мәселені шешу бойынша жақын күнде комиссия құрып, оған тиісті мекеме басшыларымен қатар тұрғындар арасынан белсенділерді мүше қылып енгіземіз. Одан кейін кезең-кезеңімен оның ішінде республикалық деңгейде (қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізу бойынша) тиісті жұмыстар жүргіземіз. Алайда, бұл жұмыстар жүзеге асқанын күтіп отырмай, биыл ескі асфальт кесінділерінен 2-3 көшенің жолын тегістеп береміз, - деді Омаров.

Қалада жұмыс сапарымен жүрген Мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаев тұрғындардың мәселесін тыңдап,  «Химик-Атырауға» елдімекен статусын беруді қарастыруға уәде берді.

«Президенттің тапсырмасымен «Жаңа Қазақстан» деген топ құрылды. Біз - сол топтың мүшелеріміз. Елдімекендерді аралап, шешілмей жатқан мәселелеріне көңіл аудару үшін бүгін арнайы кездесуге келіп тұрмыз. «Химикті» елдімекен статусын беру жөніндегі ұсыныстарыңызды қарастырып, жұмыстың жүру барысы жөнінде ақпараттандырып отырамыз», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама