×

Қазақстандықтар жыл басынан бері БЖЗҚ-дан баспана және емделу үшін 97 млрд теңге алды

Зейнетақы жинағының шекті сомасы 2022 жылдың сәуіріне дейін көтерілмейді

 Айнұр Шошаева 23.02.2022 | 11:21
көрнекі фото: ашық дереккөзден

2022 жылдың басынан бері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшыларына тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсатында 97 миллиард теңге төленді. Бұл ретте жасы бойынша зейнеткерлерге төленетін төлемдердің көлемі небәрі 6,6 миллиард теңге, мұрагерлік төлемдер - 3,8 миллиард теңге. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтары 367,8 миллиард теңге, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі шамамен 1,7 миллиард теңге.

БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 11,7 миллион болды. 2022 жылдың бірінші айында БЖЗҚ салымшылары былтырғымен салыстырғанда шамамен 30 пайызға артық қаражат аударды.

2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша салымшылардың шотына жалпы сомасы шамамен 114,9 миллиард теңге зейнетақы жарналары түскен, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 26,1 миллиард теңгеге артық.

Еске салсақ, былтыр 3 желтоқсанда Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері 2022 жылы шамамен 1,8 есе өсетіні хабарланды. Мәселен, егер 2021 жылы 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, келесі жылдан бастап ол 5 060 000 теңгеге дейін өседі.

Алайда, шекті мөлшердің өзгеруі қазақстандықтардың ашуын туғызып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама