×

«Орыс шовинизмінің нақты көрінісі». Белсенді Мухоряповтың үстінен құзырлы органдарға шағымданды

Choco холдингінің басшысының Ресейден көшіп келгендермен кездесуінде қазақ тіліне қатысты айтқан сөзі әлеуметтік желіде дау туғызды

 Ая Өміртай 20.10.2022 | 14:04
Коллаж: Halyq Uni

Жиында қазақ тілін кемсіте сөйлегені үшін Choco холдингінің негізін салушы Рамиль Мухоряпов қазақ тілінде кешірім сұрады. Ол видеода өзінің «дөрекі әрі тік айтқанын» мойындап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Ең алдымен барлығыңыздан кешірім сұраймын. Ешкімді ренжітейін деген ойым болған жоқ. Шынын айту керек, қайта қарап шықтым, дөрекі және тура айтылған екен. Мен Қазақстан азаматымын, Алматыда туып-өстім. Компаниямызда 99 пайыз қазақстандықтар жұмыс істейді және салық төлеп отырмыз», – деп мәлімдеді Рамиль Мухоряпов инстаграм парақшасында.

Компания басшысының қазақ тіліне қатысты даулы мәлімдемесінен соң көптеген қазақстандықтар Choco холдингіне тиесілі қызметтерге бойкот жариялауға шақырды. Сондай-ақ, кәсіпкерден кешірім сұрауды да талап етті.

«Қазақ тілінің маңызын жақсы түсінемін. Қосымшаның тең жартысы қазақшаға аударылған, қалған бөлігін аудару жұмыстары жүріп жатыр. Қазақ тілінде аздап түсінемін, бірақ сөйлей алмаймын. Енді үйренуге тырысамын», – деді компания басшысы.

ЗАҢ АЯСЫНДА ШЕШІЛУІ ТИІС

Бұл орайда қоғам белсендісі Айбар Олжаев мәселенің заң аясында шешілуін сұрап, құзырлы органдарға арыз түсірді. Айтуынша, заң бұзушылық анықталған күнде тиісті жазасын алуға тиіс.

«Барлығы заң аясында шешілуі керек. Эмоция, өзара талас-тартыс емес, азаматтық қоғамның бүгінгі талабы – заң аясында әрекет ету. Оған барлық жағдай жасалған. Егер азаматтар қандай да бір заңның бұзылғанын байқаса, өтініш-шағымын түсіре алады. Кешегі мәселеге қатысты осы принципті іске асыру керек. Рамиль Мухоряпов кінәлі ме, кінәлі емес пе, оны азаматтық қоғам анықтай алмайды. Тек қана құзырлы органдар анықтайды. Өз басым арыз түсірдім. Ең бірінші, құзырлы орган аталған мәселеге назар аударады. Іс бойынша тексеру жүргізеді. 1 айдан соң жауабын береді. Мұның өзі үлкен нәтиже. Шын мәнінде заң бұзушылық болса, тиісті жазасын алады. Нақты шешім соттың аузынан шығады. Бұл істің сотқа жетуінің өзі – прецедент. Яғни, қоғамда талқыланып, заңдық нормалар аясында шешілетін прецедент болғанын қалаймын», – деді ол Halyq Uni тілшісіне.

ҰЛЫ ОРЫС ШОВИНИЗМІНІҢ НАҚТЫ КӨРІНІСІ

Ал белгілі саясаттанушы Дос Көшім мұның көптеген орыс тілді азаматтардың басым көпшілігіне тән ой екенін айтады. Саясаттанушы қазақ тілін бұлайша төмендетуді – адам құқығын сыйламаудың нақты көрінісі деп біледі.

«Бұл көптеген орыс тілді азаматтардың көкейіндегі ойы. Оны кейбіреуі айтады, кейбіреуі айтпайды. Бұл ой – кезінде орыстардың метрополия болып тұрған уағында, отарлаушы империалық пікір. Қандарында қалып қойған. 1990-шы жылары Балтық елдерінде де осындай жағдай болған. Себебі Балтық елдерінің азаматтары орыс тілінде сөйлегендерге өздерінің тілдерінде жауап беруге көшті. Бұл – әдейі айтылған пікір деп айта алмаймын, бұлардың көбінде осындай адасушылық пікір бар. Адасушылық, ақымақтық бар. Олар өздерінің осы әрекетінің адам құқығын бұзу екенін түсінбейді. Сенің қай тілде сөйлеуді таңдауың – адам құқығы, еркіндігің. Мен орыс тілін білетін болармын, бірақ қазақ тілінде сөйлегім келсе, бұл – менің құқығым. Менің оның құқығын бұзып отырған жоқпын, ол менің құқығымды бұзбасын. Бұл – қарапайым ғана шындық. Қазақстан мен Ресейдегі ғана емес, бүкіл әлемде мойындалған мәселе. Менің ойымша, бұл адамдар адам құқығы дегенді түсінбейді, түсінгісі де келмейді», – деп атап өтті Дос Көшім.

Оның айтуынша, қазір орыс тілін білмейтіндердің қатары артып келеді. Мәселен, Қазақстан халқының 20 пайызы орыс тілін білмейді.

«Грузия халқының 80 пайызы, Тәжікстанда 65 пайызы, Өзбекстанда 60 пайызы, Қырғызстанда 50 пайызы орыс тілін білмейді. Осындай кезеңге дейін дәл осындай көзқарастағы адамдардың бар екенін көргенде қарным ашады. Бұл – ұлы орыс шовинизмінің нақты көрінісі», – деді ол Halyq Uni сайтына берген сұқбатында.

Айта кетелік, кеше әлеуметтік желіде ресейліктермен кездесуде Choco холдингінің негізін қалаушы Рамиль Мухоряповтың қазақ тілін кемсіте сөйлеген сөзі қоғамда қызу талқыға түсті. Жиында компания басшысы қазақ тілінде жауап беру «мәдениеттің көрінісі емес» деп айтқан.

«Адам орыс тілін расымен білмесе, жарайды. Қазақ тілінде жауап беру біртүрлі әрі ұлтшылдық. Бұл – мәдениеттің көрінісі емес», – деді ол.

Рамиль Мухоряпов – Chocolife.me, Aviata/Chocotravel біріккен туристік компаниясы, Chocomart.kz, Lensmark.kz интернет-дүкендері, Chocofood.kz тағамға тапсырыс беру және жеткізу қызметі, iDoctor іздеу қызметі бар Chocofamily Holding-тің негізін қалаушы және тең иесі.

Forbes Kazakhstan мәліметтері бойынша холдингтің ең ірі құрылымы Chocotravel 2018 жылы 74 миллион доллар табыс тапқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама