×

Тоқаев Қытаймен шекараға қатысты маңызды тапсырма берді

2026 жылдың соңына дейін 22 жобаны іске асыру жоспарланып отыр

 Дастан Жұмабекұлы 20.10.2022 | 10:42
фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының жұртшылығымен кездесуде Қазақстан-Қытай шекарасында іске асырылатын жоба-жоспар туралы айтты.

«Бұл өңірдің транзиттік әлеуеті өте зор. Сондықтан, мұнда халықаралық көлік-логистика компанияларын тарту аса маңызды. Сол үшін «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Оған құрғақ порт, логистикалық және индустриялық аймақтар кіреді.

Бұл жерде 2026 жылдың соңына дейін 22 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның жалпы құны – 450 млрд теңге шамасында. Дегенмен, жүкті түсіріп, қайта тиеуге арналған орындар және оны сақтайтын қоймалар салу қажет. Осы бағытта жаңа, заманауи жобаларды қолға алған жөн», –  деді мемлекет басшысы.

Сонымен бірге ол екі елдің карантиндік шектеулерге байланысты өткізу пункттерінің жұмысы күрт бәсеңдегенін, жүргізушілердің әділ наразылығын тудыратын жүк көліктері жинақталғанын айтты.

«Жағдайды түзету үшін «Алакөл» және «Нұр жолы» шекара бекеттерінде электронды кезекті енгізуді жеделдету қажет», –  деді президент.

Оның айтуынша, өңірдің және жалпы елдің экономикалық әлеуетін елеулі түрде арттыратын тағы бір қадам Қытай стандарттары бойынша аккредиттелген зертхана құру болуы мүмкін. Оның жұмысы Қытайға экспортымызды арттырады. Қазірдің өзінде Қорғаста мұндай зертхана ашу жоспары бар.

Осы ретте президент жобаны жедел іске асыру үшін Қытайдан келген әріптестермен қарым-қатынасты нығайту керектігін ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама