×

Әлихан Смайылов әйелдердің зейнет жасы туралы жауап берді

2028 жылға дейін әйелдер 61 жасында зейнетке шығады

 Дәурен Ерболат 19.10.2022 | 12:41
Әлихан Смайылов, фото: Halyq Uni

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысына премьер-министр Әлихан Смайылов бастаған бірқатар үкімет мүшесі қатысты. Күн тәртібінде «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды.

Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан соң журналистер премьер-министр Әлихан Смайыловтан әйелдердің зейнет жасы туралы сұрады. Үкімет басшысына «2028 жылға дейін әйелдердің зейнет жасын 61 жас деп бекіттіңіздер. Бұл 5 жылға дейін. Бұл халықты тыныштандыру үшін істеліп отыр ма? Кейін не болады? Мұнымен келіспейтін адамдар да бар?» деген сұрақ қойылды.

«2028 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жас деп сақталады. Осы 5 жылда біз денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруіміз керек. Халықтың өмір сұру жасын ұзартуымыз керек. Ауылдағы медицинаны жақсартамыз. Аудандардағы медициналық емханаларды жаңғыртамыз. Сондай-ақ көпбейінді ауруханалар саламыз.

Зейнетақы жүйесін жетілдіруіміз керек. Зейнетақы алудың мөлшерін біз 2025 жылға дейін 27%-ға ұлғайтамыз деген жоспар бар. Осы жұмыстың нәтижесінде 2028 жылы (әйелдердің – автор) зейнет жасын ұзартамыз ба, әлде қалдырамыз ба деген мәселе қаралады», - деп жауап берді Әлихан Смайылов.

Еске салайық, 2028 жылға дейін әйелдер 61 жасында зейнетке шығады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында айтқан еді.

Президент жолдауынан кейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 61 жасты белгілей отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін арттыруға мораторий енгізуді және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер тағайындау кезеңінің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайтуды көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданатынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама