×

Қоянды ауылының маңында өрт құрсауында қалған жас аңшы қаза тапты

Оның 53 жастағы досы қолын, мойнын және бетін күйік шалып, ауруханаға жеткізілген

 Динара Амантай 18.10.2022 | 16:20
Фото: kaz.zakon.kz

Қарағанды облысында аңға шыққан бір топ адам өрт құрсауында қалып, біреуі қаза тапты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі, КТК арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 16 қазан күні Қарағанды облысындағы Қоянды ауылы маңында болған. Ауылдан 8 шақырым жердегі далада өрт шыққан.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өртті екі техникамен 7 адам сөндірген. Оларға 45 ерікті көмек көрсетіпті. Өрт шамамен 150 гектар аумақты шарпыды.

17 қазанда өрт сөндірушілер өртеніп жатқан жерден 31 жастағы аңшының мүрдесін тапқан. Оның 53 жастағы досы қолын, мойнын және бетін күйік шалып, ауруханаға жеткізілген.

Жарақаттанған ер адамның айтуынша, далада жүріп келе жатқанда машинадан өрт шыққан. Құрғақ шөпке тиген от лезде лаулап, өршіген. Аңшылар өртті қолдан жасалған құралдармен сөндіруге тырысқанмен еш нәтиже болмаған. Әбден шаршаған олар қара түтіннен бір-бірін көрмей, адасып қалыпты, - деді Қарағанды облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұрлан Жақыпбаев.

Ер адамның өліміне қатысты тергеу басталды. Қазір қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама