×

«Көкшетауда мүлде жоқ». Елімізде мастарды айықтыратын орын тапшы болып тұр

Күнделікті өмірде қылмыстардың көбі мастықтың салдарынан жасалады

 Еркеғали Болатұлы 18.10.2022 | 12:14
фото: ашық дереккөз

Бүгін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов елімізде мастарды айықтыратын орындар өте аз екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, күнделікті өмірде қылмыстардың көбі мастықтың салдарынан жасалады. Оларды оқшаулау мәселесі әлі шешілген жоқ.

Еліміз бойынша 778 орынға арналған 35 уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы жұмыс істейді. Бұл өте аз, - деді министр Үкімет отырысында.

Мысалы, Өскеменде 20 төсек-орынға арналған бір ғана мекеме жұмыс істейді. Полицейлер жеткізген 7 мың құқықбұзушының 5 мыңы ғана орналастырылған.Сол сияқты, Павлодарда 24 төсек-орны бар бір ғана мекеме бар. Ал Көкшетауда мүлде жоқ.

Жалпы еліміз бойынша 594 орынға арналған тағы 32 мекеме қажет, - деді Марат Ахметжанов.

Оның айтуынша, мәжбүрлеп емдеуді қажет ететін созылмалы маскүнемдер үшін де төсек-орын тапшылығы бар. Еліміз бойынша бар-жоғы 20 ғана мамандандырылған наркологиялық мекеме жұмыс істейді. Бұл ретте оларға азаматтарды жіберу процедурасы аса бюрократияға айналып кеткен.

Ал наркологиялық мекемелердің медицина қызметкерлері мен наркологтар тиісті шешім қабылдағысы келмейді. Бұл мәселемен көбінесе полицейлердің өздері жүгіреді. Министрдің айтуынша, тіпті, тәртіп сақшылары өзінің жеке қаражатын жұмсауға мәжбүр көрінеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама