×

Президент Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасын қабылдады

Мемлекет басышысына құқық қорғау органдарындағы азаптау фактілерінің алдын алу мәселесі туралы айтылды

 Динара Амантай 17.10.2022 | 13:32
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Роговты қабылдады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа комиссияның қызметі жөнінде есеп берілді.

Игорь Рогов Мемлекет басшысына Комиссияның отырыстарында адам құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметі, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен арнайы органдардың қызметінде азаптау фактілерінің алдын-алу мәселесі қаралғанын айтты.

Бұған қоса мемлекет басшысына Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының жұмысы жөнінде мәлімет берілді. Игорь Рогов – Қазақстанның атынан осы комиссияның мүшесі және Омбудсмен институты жөніндегі шағын комиссияның президенті. Президенттің айтуынша, жуырда конституциялық түзетулерді пысықтау барысында Венеция комиссиясының Омбудсмен мәртебесін көтеру жөніндегі ұсыныстары ескерілді. Бұл адам құқықтарын сақтау саласына бақылауды күшейтеді және мемлекетті халықтың сұранысына жедел жауап беруге ықпал етеді.

Игорь Рогов Венеция комиссиясы елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық және саяси реформаларға оң баға бергенін айтты.

Қазан айында Венеция комиссиясы, Парламент Мәжілісі мен Әділет министрлігі «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң жобасын талқылауды жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама