×

Дәстүрлі садақ атудан тұңғыш республикалық чемпионаттың жеңімпаздары анықталды

Жаңаөзенде дәстүрлі садақ атудан тұңғыш республикалық чемпионат өтті

 Халық үні 17.10.2022 | 09:24
фото: Halyq Uni

2022 жылдың 16 қазанында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында дәстүрлі садақ атудан тұңғыш республикалық чемпионат өтті.

Чемпионаттың мақсаты – дәстүрлі садақ ату өнерін насихаттау, яғни оны қазақтың ұлттық спорттық өнері ретінде дамыту.

Чемпионат ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен Дәстүрлі садақ ату федерациясының ұйымдастыруымен өтті.

Тұңғыш республикалық чемпионатқа Қазақстанның барлық өңірлерінен 170-ке жуық спортшы қатысты. Чемпионат жасөспірімдер (7-17 жас аралығы), жастар (18-24) және ересектер (+24) арасында өтті. Ерлер мен әйелдер категориясы бөлек.

Садақшылар 10 метрден 75 метрге дейінгі қашықтыққа арналған Олимп, Жамбы, Пута, Қырғыз (Орта Азия), Қазақ (Жамбы) деген нысана түрлері бойынша мергендік шеберлігін ортаға салды.

Жалпы командалық есепте бірінші орынды Шымкент қаласының құрамасы еншілеп, 1 млн теңге көлемінде жүлдеақы алды. Екінші және үшінші орындарды Абай және Жетісу облыстарының командалары алды.

Жеке есепте әрбір форматта бір-бір жеңімпаздан анықталып, әрқайсысы 100 000 теңге көлемінде жүлдеақыға қол жеткізді.

Тұңғыш ұйымдастырылып отырған республикалық чемпионаттың жалпы жүлде қоры 9 750 000 теңгені құрады.

Садақ – бейбіт заманда аңшылықтың, жаугершілік заманда – қорғаныстың құралы болған. Ал 19 ғасырдан бастап садақ ату спорттық өнерге айналды. Биылдан бастап Қазақстанда дәстүрлі садақ ату спорт түрі ретінде ресми түрде бекітілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама