Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда «Омикрон» мен «Дельта» штамының айналымы әлі бар - ДСМ

Елімізде коронавирус штамдарына мониторинг жүргізіледі

 Халық үні 22.02.2022 | 12:30
Қазақстанда «Омикрон» мен «Дельта» штамының айналымы әлі бар - ДСМ
фото: ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы айтты.

Оның мәліметінше, эпидемиологиялық жағдай көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Соңғы айда коронавирус жағдайларының орташа тәуліктік саны 34 есе азайды. Стационарда емделіп жатқан адамдар саны 2,3 есе, амбулаторияда емделушілер саны 5,1 есе азайды. Бүгінгі күні денсаулық сақтау ұйымдарында 30 мыңнан астам пациент, оның ішінде 86%-ы амбулаториялық деңгейде және 14%-ы стационарлық деңгейде емін жалғастыруда. Осы айда инфекциялық төсектердің қамтылуы 38%-дан 17%-ға дейін 2,2 есе, реанимациялық төсектердің қамтылуы 20%-дан 14%-ға дейін 6%-ға төмендеді.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда коронавирусқа қарсы бірінші компонентпен ересек халықтың 82,1%-ы егілді. Бұл жалпы Қазақстан халқының 53,4%-ын құрайды. Екінші компонентпен 9,4 млн адам егілді. Бұл егілуге тиіс халықтың 78,5%-ы және республиканың жалпы халқының 50%-ы. Қазір негізгі профилактика шараларының бірі – ревакциналау. Биыл ревакциналау деңгейінің өсуі байқалады. Бүгінде 2,4 млн адам ревакцинация жасатты. Бұл егілуге тиіс контингенттің 52,6%-ын құрайды. 

Ұжымдық иммунитеттің қазіргі деңгейін сақтау үшін ревакциналау деңгейін төмендетпеуіміз қажет, — деді Ғиният.

Министрлік республикадағы коронавирус штамының айналымдағы нұсқаларына мониторинг жүргізіп жатыр. Ақпан айында оң нәтижелі үлгілерді кезекті генотиптеу жұмыстары аяқталды. Елдің барлық өңірінде «Омикрон» айналымы анықталды және жалпы зерттелген үлгілердің 72%-ын құрады. Сондай-ақ барлық өңірде «Омикронмен» қатар, «Дельта» штамының айналымы жалғасуда және жалпы үлгілердің 25%-ын құрайды.

Жуырда Қазақстанда карантин жеңілдеген болатын. Бұған қоса 73 ел азаматтары визаны ресімдемей және ВАК рұқсатын алмай Қазақстанға келе алатыны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама