Halyq Uni логотип
×

Атырауда қызметтегі әрекетсіздігі үшін сотталған полицейдің ісі қайта қаралды

Үкімнің сотталушыны шенінен айыру туралы бөлігінің күші жойылды

 Динара Амантай 14.10.2022 | 12:12
Атырауда қызметтегі әрекетсіздігі үшін сотталған полицейдің ісі қайта қаралды
Фото: Halyq Uni

Атырауда қызметтегі әрекетсіздігі үшін 3 жылға сотталған полицейдің ісі апелляциялық тәртіппен қайта қаралды. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы полицейдің жазасын 1 жылға қысқартты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі, Атырау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетсек, №2 Атырау қалалық сотының үкімімен ювеналды полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы 3 жылға сотталған болатын. Алайда сотталушы мен оның адвокаты апелляциялық шағым түсірген.

Бұдан бұрын сотталушы К.Р. ауыр зардаптарға алып келген қызметтегі әрекетсіздігі үшін ҚР Қылмыстық кодексі 370-бабының 4-бөлігі, 1-тармағымен кінәлі деп танылып, оған өмір бойына құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Инспектор полиция капитаны арнайы шенінен айрылды. Бірақ сотталған К.Р. және оның қорғаушысы сот үкімінің күшін жойып, қылмыс құрамы болмауына байланысты ақтауды сұрады, - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Апелляциялық сатыдағы сотпен сотталушының іс-әрекетінде өзіне немесе ұйымға пайда мен артықшылық алу мақсаты жоқ екені анықталды. Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық болған.

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың К.Р.-ға қатысты сот үкімі өзгертіліп, оның іс-әрекеті ҚР Қылмыстық кодексі 370-бабының 4-бөлігі, 1-тармағынан 371-баптың 2-бөлігіне (Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық) қайта сараланды. Оған 3 жылға құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.

Үкімнің сотталушыны полиция капитаны арнайы шенінен айыру туралы бөлігінің күші жойылды.

Еске сала кетсек, бұған дейін осы іске қатысты Атырауда атыс болып, 3 адамның қаза тапқаны туралы хабарлаған болатынбыз.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама