×

Астанада Кіші Талдыкөлдің орнына саябақ салынады

Әкім қаланы таза сумен қамтамасыз ету үшін тағы екі сорғы-сүзгі станциясының болатынын айтты

 Дастан Жұмабекұлы 07.10.2022 | 15:20
фото: ашық дереккөз

Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов қалалық мәслихатта Кіші Талдыкөлдің орнына саябақтың салынатынын айтты.

«Бұл мәселені бірнеше рет талқыладық. Тіпті сарапшыларды тартып, сараптамалық қорытынды жасады. Кіші Талдыкөлдің жоғарғы жағында су жоқ. Соңғы кезде су буланып кеткен. Негізгі бөлігінде су бар. Ондағы су біздің тазарту қондырғыларынан келеді. Нөсерлі кәріз толықтырады. Бұрын жер асты сулары да болған. Ал қазір сол жағалаудағы қарқын алып жатқан құрылысқа байланысты судың келуі тоқтаған», –  деді Алтай Көлгінов қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында.

Оның айтуынша, әкімдік су тартылған жерде саябақ салатын болады. Қазірдің өзінде 1,5 мың ағаш отырғызылды. Күзде тағы 2 мың ағаш егіледі. Учаскенің шамамен 30 гектар периметрі қоршалған.

Сондай-ақ әкім күзде Үлкен Талдыкөлдегі судың азайып жатқанын айтты.

«2015 жылға дейін Үлкен Талдыкөлде су көлемі 57 млн текше метр болған. Биылғы жыл басында 5 млн текше метр болса, күздегі өлшеу судың 1,5 млн текше метр қалғанын көрсетті. Яғни, көлемі бірнеше есе азайды. Жер асты сулары азайды. Оған қоса қазір қалалық кәріз-тазарту жүйесінен шыққан су Үлкен Талдыкөлге емес, Есілге құйылады. Сондықтан әкімдік судың бір бөлігін Үлкен Талдыкөл мен Кіші Талдыкөлге бағыттауды жоспарлап отыр», –  деді ол.

Ауыз суға қатысты Алтай Көлгінов қазір қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болатын үшінші сорғы-сүзгі станциясы салынып жатқанын айтты. Төртінші станцияның құрылысы да жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама