×

Слесарьлықтан президент үміткерлігіне дейін. Нұрлан Әуесбаев лайықты кандидат бола ала ма?

Ол 2015 жылы Ленин ескерткішін қайта қою ұсынысын қолдаған

 Ая Өміртай 07.10.2022 | 12:46
Коллаж: Halyq Uni

7 қазанда Қазақстандағы жалғыз «оппозициялық партия» деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы кандидаты Нұрлан Әуесбаев ОСК-ға құжаттарын өткізді.  

Партия атынан президенттік сайлауға түсіп жатқан тұңғыш кандидат – 65 жастағы Нұрлан Әуесбаев партияның Астанадағы филиалының жетекшісі. Саяси алаңда осыған дейін белгісіз болып келген бейтаныс тұлғаның үміткерлігі саяси өзгерістерге күмәнмен қарауға мәжбүр еткендей.

«ҚАУІПТІ КӨЗҚАРАС»

Президенттікке үміткер Нұрлан Әуесбаевтың алғашқы мамандығы – техник-механик. Ол еңбек жолын 1973-1976 жылдары Шымкент қаласындағы «Казсантехмонтаж» трестінде слесарь болып бастаған. Кейін комсомол комитетінің жетекшісі атанды. Коммунизм идеясына берілгені соншалық есімі жұртшылыққа бейтаныс үміткер 2015 жылы Қазақстан коммунистік партиясының Астана бөлімшесінің төрағасы болып тұрғанда Ленин ескерткішін қайта қоюды қолдағандардың бірі. Әуесбаевтың Ленин ескерткіші жайлы ұсынысты қолдауын қазақстандық саясаткер Әміржан Қосанов «қауіпті көзқарас» деп бағалайды.

Бұл – барып тұрған бұрыс, өте қауіпті көзқарас. Ал партияның қоғамға белгісіз адамды бір айдың ішінде Тоқаевпен терезесі тең, тайталаса алатын адам бола алады деуіне сенбеймін. Баға бергім де келмейді, – дейді Әміржан Қосанов.

Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, еңбек жолын слесарьлықтан бастаған Әуесбаевтың қызмет жолы алуан түрлі.

Мәселен, 2003 жылы Шымкент қаласының ішкі саясат және жастармен жұмыс жүргізу басқармасының басшысы болып тағайындалады. Сол жылы қыркүйек айында Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Астана қаласы бойынша ақпарат басқармасының «Талдау және тілдер саясаты бөлімінің» басшысы атанған. Тіл саясатын бір жақты еткен соң 2005 жылы Ауылшаруашылығы министрлігі «РГКП шаруашылық басқармасы» мекемесінің автошаруашылығының басшысы лауазымына жетекшілік етеді.

Партия сайтында «Нұрлан Әуесбаев 2009 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып, қоғамдық жұмыстарға етене араласады. Осылайша 2017 жылға дейін Қазақстан Коммунистік партиясының Астана қаласы филиалының бірінші хатшысы қызметін атқарады. Саяси салмағы бар марқұм Серікболсын Әбділдиннің басшылығымен саясатқа да араласты. Коммунистік партия жабылған соң, саяси көзқарасы ұқсас ЖСДП партиясына мүше болды» деп көрсетілген.

ПАРТИЯ МҮМКІНДІГІН ПАЙДАЛАНА АЛМАЙ ОТЫР

Ал Әміржан Қосанов ЖСДП партия ретінде тарихи мүмкіндігін пайдалана алмай отырғанын және лайықты кандидат ұсынбағанын атап өтті. Айтуынша, сайлауға реңк беру үшін жасалған саяси сахнадағы биліктің сценариі ғана.

«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының үлкен тарихы бар. Талай сайлауларға қатысты. Бірақ артынан сұйылып кетті. Өткен парламенттік сайлауларда, президент сайлауы кезінде партия ретінде өзінің мүмкіндігін пайдаланбады. Сондықтан өздерінің ел алдындағы беделін көтеру үшін лайықты, оппозициялық тұрғыдағы кандидат ұсынуы қажет еді. Өйткені билікке қарсы оппозиция ретінде тіркелген жалғыз партия. Халықтың көңілінен шығатын өз орталарынан, сырттан шақырып па ұсынуы керек еді деген ойдамын. Өйткені саяси партияның легитимді болуы – үлкен жетістік. Сол тарихи мүмкіндікті пайдаланып бүкіл саяси оппозиция бірігуі керек еді. Лайықты кандидат ұсынуы керек еді.  Бұл екі нәрсені аңғартады. Біріншіден, партия мұндай шешімді өзінің ауыл-аймақтағы мүшелерімен, белсенділермен ақылдаспай шешті деген ойдамын. Өткені 2006 жылы біз құрған ЖСДП-да билікке оппозициялық көзқарастағы, демократиялық көзқарастағы шынайы бәсекені таңдаған азаматтар болды. Екіншіден, қалай болғанда да себебін тап басып айта алмаймыз. Әйтсе де биліктің сайлаудағы сценарий болып тұрған сияқты», – дейді Әміржан Қосанов.

Айта кетелік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған. Сайлау 20 қарашада өтеді. Үміткерлерді ұсыну 11 қазанда аяқталады.

Сайлауға қатысуға 4 үміткер – «Ауыл» партиясы ұсынған Жигули Дайрабаев, ЖСДП ұсынған Нұрлан Әуесбаев, «Аманат» кәсіподақтар достастығы үсынған Мейрам Қажыкен, «халықтық коалиция» ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаев бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама