Кабель өнімдері үшін утилизация алымы тоқтатылады – Экология министрлігі

Ербол Тұрымбет

Утилизация алымы бойынша тағы да жұмыс тобының отырысы өтті

Кабель өнімдері үшін кәдеге жарату алымы тоқтатылады. Бұл туралы утилизация алымы мәселелері бойынша өткен жұмыс тобының отырысында Экология министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді.

Кабель-сым өнімдері үшін утилизация алымының мөлшерлемесін (коэффициенттерін) қайта қарау бүгінгі отырыстың басты тақырыбы болды.

Серікқали Брекешев бүгінде Экология министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері кабель-сым өнімдеріне кәдеге жарату алымын алу мерзімін 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін ауыстыру бойынша жұмыс жүргізіп жатқандығын айтты.

Экология министрлігі кәдеге жарату төлемін есептеу әдістемесінің 3-тармағының қолданысын тоқтатату туралы бұйрық жобасын әзірлеген. Қазір ол құжат мемлекеттік органдарға келісілу үшін жіберілген.

Жиын барысында кабель өнімдерін импорттаушылар мен өндірушілердің, сондай-ақ қоғам өкілдерінің пікірі мен ұсыныстары тыңдалды.

Жұмыс тобының келесі отырысы 2022 жылғы 28 қаңтарда сағат 11:00-де өтеді. Бұл күнгі отырыс ауыл шаруашылығы техникасы үшін (трактор, комбайн) кәдеге жарату алымының мөлшерлемелерін (коэффициенттерін) қайта қарау мәселесіне арналмақ.