Сарапшы климаттың өзгеруі туралы: «Қауіпті құбылыс пен табиғи апаттар көбейе береді»

Ая Өміртай

Мереке Абдрахметов Қазақстан үкіметінің климаттың өзгеруіне бейімделе алмай отырғанын айтты

фото: Halyq Uni

Қазақстанның гидрометеорологтар мен климатологтар одағының төрағасы Мереке Абдрахметов Halyq Uni журналисіне сұқбат беріп, биыл көктемгі су тасқынына нақты қандай факторлар әсер еткенін, табиғи апатқа жауапты мекемелер неден қателескенін айтып берді. Оның айтуынша, Қазақстанда қауіпті құбылыстар мен табиғи апаттар жыл сайын көбейе береді.

Қауіпті гидрометеорологиялық құбылыстар жылдан жылға көбейіп отыр. Қыстыгүні Қарағанды облысындағы, Абай облысындағы жұт осының көрінісі. Қауіпті құбылыстар мен табиғи апаттар көбейе береді. Бұл – әлемде болып жатқан жағдай, - деп түсіндірді ол.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан үкіметі климаттың өзгеруіне бейімделе алмай отыр. Соңғы жылдары табиғи апаттардың экстремалдығы артқан: өрт, құрғақшылық, су тасқыны және т.б.

«Метеорология департаменті Қазақстанның соңғы 30 жылдағы климатологиялық көрсеткішін жасап шығарды. Жауын-шашын мөлшері, желдің орташа жылдамдығы, ылғал мөлшері, қар биіктігі деген сияқты. Климатология мониторингі үшін өте ауқымды жұмыс. Қазақстандағы 240 метеостанса базасында өте үлкен ақпарат бар. 90-шы жылдардан бері климат қалай өзгерді, ауа райы қалай құбылды деген мәселелер сарапталды. Климаттық апаттар алдын ала болжанып, хабарлануы керек. 2021 жығы ҚР экологиялық кодексінде көрсетілген табиғатқа бейімделу жұмыстары әлі басталған да жоқ, жасалған да жоқ. Климаттық өзгеріске бейімделу керек», - дейді Мереке Абдрахметов.

Мереке Абдрахметовтің пікірінше, саладағы басты мәселенің бірі – метеорологиялық стансалардың, гидрологиялық бекетердің, агрометеобекетердің жетіспеуі. Қазір мемлекеттік гидрология бақылау желісі 329 бекеттен тұрады. Мамандар 800 бекет болуы керектігін айтады, яғни Қазақстанға кем дегенде қосымша 500 бекет қажет.