Қосалқы мердігер компания жұмысшыларға 60-70 млн теңге қарыз
Астанада G-Park құрылыс компаниясына тиесілі тұрғын үйді салған ондаған жұмысшы бір жылға жуық уақыттан бері жалақысын ала алмай жүр. Олар құрылыс компаниясының елордадағы ғимараты маңында жиналып, базынасын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жұмысшылардың айтуынша, «Мадрид – 3» тұрғын үй кешенін салу барысында G-Park компаниясы қосалқы мердігер ретінде «Orda Plaza» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Ал жұмысшылардың мердігер компаниямен арада жұмыс барысын растайтын құжаты жоқ, яғни ауызша келісіммен жұмыс істеген.
Бір жылдан асты жалақымызды ала алмай жүрміз. «Мадрид – 3» тұрғын үй кешінен салғанбыз. «Айлықты береміз» дегеніне бір жыл болды. Ортада қосалқы мердігер бар. Олар G-Park компаниясына сілтейді. G-Park ортадағы ЖШС-ға сілтейді. Бәрімізде несие бар, оны жаба алмай, қарызға азық-түлік алатын болдық. Жұмыс 2022 жылдың қаңтарында жұмыс басталды. Аванс ретінде 10 бригадаға 1 млн теңге береді. Әр бригадада 20 адамнан болса, әрқайсысымыз 20 мың теңгеден үйге апардық. Айлық үзіліп-үзіліп отырды. Әр бригадаға 8-10 млн теңгеден қарыз, - дейді Амандық есімді жұмысшылардың бірі.
Енді бірінің айтуынша, жұмысшылар осы жағдайға байланысты еңбек инспекциясына да жүгінген. Алайда мардымды жауап алмаған.
Жиналғандардан қанша адамның жалақысын толық көлемде алмағанын да сұрадық. Олардың сөзінше, бұл қатарда 100-ден аса адам бар.
Еңбек инспекциясы екі айдың ішінде қаралады деді. Бірақ компаниямен ойы бір сияқты. G-Park компаниясының сөзін сөйлеп, шығарып салды. Қосалқы мердігердің салық бойынша қарызы бар екен. «Қосалқы мердігер 2 жыл бойы салық төлемеген, сол себепті компания ақша аудара алмай отыр» деді», - деп жауап берді жұмысшы Төребек Нұртас.
Жұмысшылармен бірге G-Park компаниясының ғимаратына қосалқы мердігер ЖШС-ның атқарушы директоры да келді. Өзін «Универсал» компаниясының өкілі деп таныстырған Қуан Мұстияров жағдайға байланысты өз пікірін айтты.
2020 жылдан бастап G-Park компаниясымен жұмыс істедік. Жұмысшыларға беретін ақшамыз бен салық бойынша 50 млн теңге қарызымыз бар. «Вена» тұрғын үй кешеніндегі құны 58 млн теңге тұратын екі пәтерді бізге беріп жатыр. Тіркеу уақыты 2 апта дейді, әрі қарай жылжымайтын мүлік ЖШС атына өтеді. Сол 2 пәтерді сатып, ақшасын жұмысшыларға береміз деп түсіндірді, - дейді ол.
Оның сөзінше, жұмысшыларға 60-70 млн теңге қарыз.
G-Park өкілі Азамат Баймулдиновтың айтуынша, компания жұмысшылармен тікелей жұмыс істемейді. Тек ортадағы Orda Plaza-ға ақша аудара алады.
Бұл жұмысшалар G-Park компаниясының қызметкерлері емес, олар – біздің қосалқы мердігер Odra Plaza жұмысшылары. Яғни, жұмысшылармен тікелей келісімшарт жоқ. Жұмысты атқаратын қосалқы мердігер компаниямен арада келісім бар, бұл жерде жұмысшыларға біз емес, қосалқы мердігер компания қарыз. Ал ол компанияның салық бойынша қарызы бар. Соны жабу үшін G-Park екі жылжымайтын мүлікті Odra Plaza-ға беріп жатыр, - дейді Азамат Баймулдинов.
Айтуынша, салық бойынша қарызды жапқаннан кейін Odra Plaza шотына ақша аударуға болады.
«G-Park компаниясы ақша төлеуге дайын. Ал жұмысшылардың ақшаны алу көп жағдайға бізге емес, Odra Plaza-ға байланысты. Яғнм, салық бойынша қарызын қаншалықты жылдам жапқанына байланысты болып отыр», - дейді G-Park компаниясының өкілі.
Енді жұмысшылар мен қосалқы мердігер компания G-Park компаниясы уәде еткен екі аптаның аяқталуын күтеді.
Айта кетейік, бұған дейін G-Park құрылыс компаниясының жүздеген салымшыға бастапқы жарналарын қайтара алмай жатқаны белгілі болды.