×

«Позор». Атырауда сот үкімі шыққан ірі шенеунік судья шешімімен келіспейтінін айтты

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 10 жылға бас бостандығынан айырылды

 Айнұр Асылбекқызы 17.05.2022 | 16:42

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен Атырау облысы бойынша құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровқа қатысты сот үкімі шықты. Сот шешімімен Н.Таубаев 10 жылға, Т.Басаров 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Екі сотталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сот залында судья Зарема Хамидуллина сот үкімін түсіндіруге көшіп, сот дәлелдерін келтіріп жатқанда, Нұрлан Таубаев «позор» деген сөзді бірнеше рет айтты. Әсіресе, судьяның «Таубаев 185 млн теңгені ел жағдайы мүшкіл кезде материалдық жағдайын байытуды ойлады» деген тұсында «Позор» дегенді дауыстап (эмоциямен - авт.) айтты.

Сотталушы Таубаев судьяның «дәлелін тапты» деп келтірген деректерімен келіспейтінін білдіріп, «Сізге ұят емес пе?» дегенді айтты. Сосын судья сөзін жалғауға, жұмысына кедергі келтірмеуді сұрады. Сол сәтте сот залында отырғандардың арасынан біреуі судьяға наразылығын білдірді. «Ұлыма кінә артып отыр!» деген сотталушының әкесі де судьямен келіспейтінін жеткізді.

Судья үкімін соңына дейін оқуға мүмкіндік бермесе, сот залында келіспейтіндерге сыртқа шығып кетуіне болатынын айтты. Алайда, Нұрлан Таубаев судья оқыған үкіммен келіспейтін әр тұсында «Позор!» деуін жалғастыра берді.

Атап өтейік, Таубаев пен Басаров тергеу абақтысында 20 ай отырды. Қамауда болған уақыт (40 ай) кесілген жаза мерзімінің бір бөлігі өтелген болып саналады.

Сот аяқталған соң Таубаев БАҚ өкілдеріне өзін ұстаған сәттен бастап істің әділ тергелмегенін айтып, жала жабылғанын, Басаровтың кінәсін мойындап, оған қарсы куәлік беруін құқық қорғау органдарының көрсеткен қысымынан болды деп есептейтінін айтты.

Сотталушының адвокаты Нұрлан Жолболов сот үкімімен келіпейтінін және апеллияциялық шағым беретінін жеткізді.

Еске салайық, 19 сәуірде өткен Атыраудың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаров соттағы соңғы сөзін айтты.

Сот отырысында бұрынғы облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев 1 жыл 7 айдан бері тергеу тергеу абақтысында отырып, денсаулығы нашарлағанын, болған жайттың бәрі ағасы Асқар Таубаевтың жағдайына әсер етіп, оның қайтыс болғанын айтты.

Сондай-ақ өзіне тағылған айыптың бәзбіреулердің әрекеті деп санайтынын жасырмады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама