×

Нұрлан Таубаев соттағы соңғы сөзінде облыс әкімінің орынбасарларына кеңес берді

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары денсаулығы сыр бергенін айтты

 Айнұр Асылбекқызы 20.04.2022 | 23:16
Нұрлан Таубаев, фото: azh.kz

Атыраудың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров соттағы соңғы сөзін айтты. Кезекті сот отырысы 19 сәуірде өтті.

Сот отырысында алдымен Басаров сөйледі. Ол бұрын Таубаевты сыйлағанын және кей жағдайда онымен таныс болғанын мақтан тұтқанын да мойындады. Алайда 2020 жылдың 10 қыркүйегінде 182 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталған сәттен бастап және қазірге дейін Таубаевтың өзіне деген қарым-қатынасы өзгергенін айтты.

«Менің одан қатты көңілім қалды, оны сыйлаудан қалдым. Таубаевтың сөзінен кейін оның мен арқылы Тілемісовтен пара алғысы келгенін, бір жағдай болса, бар кінәні маған жаба салғысы келгенін түсіндім. Сондықтан ол Тілемісовпен сөйлесуден және кездесуден қашып, мені жіберіп отырды. Бұл туралы ол Metropole мейрамханасындағы кездесуде айтты. «Мен отырғанда талқылама, өздерің кездесесіңдер, бірақ Айбекті ренжітпе. Тимур, түсіндің бе» деді ол. Одан бөлек, ол жарыссөзде мені пайыз туралы саудаласты деп айыптады. Егер стенограмманы қарасаңыз, ол жерден бәрін көресіз. Тілемісов оған «Братан, 10% көп қой» дейді. Тілемісов кетіп қалған соң Таубаев екеуміз қалдық. Сонда ол маған: «Оған 10 пайыз көп болса, 7 пайыз деп айт» деді. Таубаев Тілемісовпен ашық сөйлескен жоқ, көбіне саусақтарын қимылдату арқылы ғана түсіністі. Таубаев шынында да өзін әшкерелеуден қорықты. Сондықтан ол ашық түрде пара талап еткен жазбаның еш жерде жоқ екенін айтып отыр», - деді Басаров.

Оның сөзінше, Таубаев Басаров пен Тілемісовтің дос екенін білген. Сондықтан маған онымен өз атымнан сөйлесуді тапсырды, дейді ол.

«Мүмкін ол Тілемісов мені ұстап бермейді деп ойлаған шығар. Ал мен Таубаевтың сөзін жеткізіп, оның бұйрығын орындап отырғандықтан, ешқандай заңға қайшы әрекет жасап отырмағаныма сенімді болдым. Тілемісовпен үнемі ашық сөйлесетінмін. (...) Мен ақша толы сөмкені Тілемісовтен алдым және қылмыс жасап отырмын деп ойламадым. Себебі адам түскі уақытта өзі тұратын үйдің ауласында пара алмайды. Мен оның тапсырмасы мен бұйрығын орындадым. (...) », - деді Басаров.

7 пайызды мен арқылы беру туралы Таубаевтың бұйрығын Тілемісовпен кездескенде айттым, ал Таубаев кеше оны менің бұйрығым сияқты көрсетіп отыр, дейді Басаров.

Кейін ол Таубаевқа сенім артқанын және тіпті оны ұстағаннан кейін де оны тыңдап, өзін қылмыстық жазадан құтқару үшін ойлап тапқан жасанды тыныс алу аппаратына қатысты жауаптарын ішінара қолдауға келіскенін жеткізді.

Сондай-ақ ол Таубаевтың өзін сотта жалған сөйлеуге көндіріп келгенін айтты.

«Таубаевтың жоспары өзін халық үшін жаны ашитын басшы етіп көрсетіп, мені алаяқ әрі парақор етіп көрсету болды. Бұл біздің арамызда өткізілген беттестіру хаттамасында көрініп тұр», - деді ол.

«Бір кездері мен бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы екеніне және оның бостандықта маған және менің отбасыма көмектесемін деген сөздеріне сендім. 2020 жылдың 12 қыркүйегінен кейін сотқа дейінгі тергеу кезінде берген жауабымның бәрі, оның ішінде жасанды тыныс алу аппараты туралы айтқаным оның өтініші бойынша берілген және ол мұны жақсы біледі», - деді Басаров.

Басаровтың айтуынша, ол Тілемісовтен ақша алу туралы бұрынғы әкіммен кездеспеген.

«Біздің Тілемісовпен әр кездесуімізде Таубаев маған облыс әкімі туралы бірнеше рет айтты. Ақша соған берілетінін айтты. Мен бұл туралы өз жауаптарымда айтпадым, себебі бұл Таубаевтың кезекті өтірігі екеніне көзім жетті», - деді ол.

Сөз соңында Тимур Басаров Таубаевтың өтірігінен шаршағанын айтып, соттан бір жарым жылдан бері жалғасып келе жатқан іске шешім шығаруын сұрады.

«Менің сотта айтқанымның бәрі шын. Бұл туралы Таубаев та, оның адвокаттары да жақсы біледі. Оған қоса, қылмыстық іспен мұқият танысқандар кімнің кім екенін түсінеді. Іс материалдарымен таныс емес адамдарға, жақындары мен туыстарына, достарына ол  (Таубаев – ред.) шындықты айтып, жүйенің құрбаны сияқты көрінуі мүмкін. Олар Таубаев абақтыға менің кесірімнен отырды деп ойлайды. Таубаевтың қандай екенін және іс материалдарында қандай дәлелдер барын олар білмейтін шығар. Мен іс жүзінде бәрі қалай болғанын айтып бердім. Ойымнан ештеңе шығарған жоқпын», - деп түйіндеді сөзін Басаров.

Ол сотқа өзіне берілетін жазаны арқалауға дайын екенін жеткізді.

ТАУБАЕВ ӨЗІН АҚТАУДЫ СҰРАДЫ

Сот отырысында бұрынғы облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев 1 жыл 7 айдан бері тергеу тергеу абақтысында отырып, денсаулығы нашарлағанын, болған жайттың бәрі ағасы Асқар Таубаевтың жағдайына әсер етіп, оның қайтыс болғанын айтты.

Сондай-ақ өзіне тағылған айыптың бәзбіреулердің әрекеті деп санайтынын жасырмады.

«Құрметті сот! 2020 жылдың 10 қыркүйегінде Басаров ұсталмастан бір сағат бұрын мені сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері алып кетті. Мұның адамды ұрлау екенін айтып келемін. Ұстап алып кеткенге дейін бір сағат бұрын маған пара алдың деген айып тағылды. Қандай пара екені түсіндірілмеді. Тек келесі күні құжаттарды өзгертіп көрсетті. Мені алып кетіп, материалдар қолдан жасалды деп мәлімдеймін», - деді Таубаев.

Ол сондай-ақ Басаровқа мердігерден 10 пайыз емес, 7 пайыз талап ет деп тапсырма бермегенін айтады.

«Сонымен қатар мен барлық облыс әкімі орынбасарларын президенттің тапсырмасына қарамастан, ештеңе жасамай, ештеңеге қол қоймай, ештеңе жауап бермеуге шақырамын. Өйткені прокурордың айтуынша, кез келген облыс әкімі орынбасарларын қызметтік нұсқама негізінде айыптай алады. Басаров енді мінберге шығып, менен көңілі қалғанын айтып отыр. Енді қажеті жоқ, 20 тамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жүгініп, маған қатысты арыздануы керек еді», - деді Таубаев.

Құрметті сот, сіз менің Тілемісовтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке байланысы бар деген сөзімді есепке алмадыңыз. Неге? Осы жерде сұрақ туады. Неге сот жасанды тыныс алу аппараттарын сұрағанымды тікелей растайтын куәгерден жауап алудан бас тартты?», деді ол.

Сөз соңында Нұрлан Таубаев соттың әділ шешім шығаратынына сенім білдірді. Сондай-ақ өзін толық ақтауды сұрады.

Істі Судья Зарема Хамидуллина қарап жатыр. Келесі сот отырысының уақыты қосымша хабарланады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама