Halyq Uni логотип
×

«Путинді қолдайды деген сөз емес»: депутаттар Тоқаевтың Мәскеуге сапары жайлы (ВИДЕО)

ІІ Дүниежүзілік соғыстағы КСРО-ның жеңісі одақ құрамында болған барлық мемлекетке ортақ

 Дәурен Ерболат 11.05.2023 | 10:30

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жұмыс сапарымен барып, Мәскеудегі әскери шеруді тамашалауы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бұған қатысты Мәжіліс депутаттары да пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бақытжан Базарбек, депутат:

– Ашық ақпаратқа сүйенсек, президент ол жаққа (Екінші дүниежүзілік соғыста, – автор) көз жұмған жақыны мен қазақстандықтарды еске алуға барып, гүл шоқтарын қойды. Парадқа президенттің қатысуына байланысты нақты бір қысым мен мәжбүрлі дипломатияны байқамадым.

Айгүл Құспан, депутат:

– Ұлы Отан соғысындағы жеңіс тек Ресейдікі емес. Ол – Кеңес одағы құрамында болған барлық халыққа тиесілі. Ұлы Отан соғысына 1,2 млн қазақстандық қатысты. Оның шамамен 600 мыңы көз жұмды. 500 қазақстандық Кеңес одағының батыры атанды. Сондықтан бұл – біздің жеңісіміз.

Парадқа президенттің қатысуы орынды. Себебі іс-шараға тек ол (мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев) жалғыз өзі қатысқан жоқ. Барлығы (парадқа қатысқан мемлекет басшылары) жоғарыда аталған факторды ескерді деп ойлаймын...

Әрине, мұнда дипломатия мен геосаяси пайым да, Қазақстанның мүддесі де бар. Сондай-ақ президент Мәскеудегі парадқа қатыспас бұрын Ржевке барғанын атап өту маңызды. Бұл қалада көп қазақ жерленген. Сіздің фотоны көрген-көрмегеніңізді білмеймін. Онда президент ескерткіштің алдында тұрды. Ескерткішке қаза тапқан қазақстандықтардың аттары қашалып жазылған. Тұтас қазақтың фамилиясын көруге болады. Енді сол жерге де бара алмаймыз ба?

Менің ойымша, саясиландырмау керек. Біріншіден, біздің президент – патриот, екіншіден, ұлы дипломат. Сондықтан біз оған тек сенуіміз қажет деп ойлаймын.  

Болатбек Нажметдинұлы, депутат:

Сіз объективті түрде қарасаңызшы. Бұл ортақ жеңіс қой. Қазақта қонақжайлылыққа қатысты мақал көп. Мысалы, «Шақырмаған жерге барма, шақырған жерден қалма» деген. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз.

Ермұрат Бапи, депутат:

– Менің ойымша, мемлекет басшысының халықаралық саясаттағы іс-әрекеті, позициясы дипломатиялық қарым-қатынасқа негізделген. Сол дәстүрмен Мәскеуге (жұмыс) сапарымен барды деп ойлаймын. Әрине, әлеуметтік желіде ойды сан-саққа жүгірткен сөздер бар. Біз қазіргі Қазақстанның геосаяси жағдайын масштабты деңгейде ойлауымыз керек. Әлеуметтік желіде отырып алып, өз қарекетімізді айтамыз. Бірақ президент мемлекеттің қарекетін айтуы керек. Осы тұрғыда бұл – мәжбүрлі сапар. Менің байқағаным, басқалары сияқты (президент) кеудесіне Георгий лентасын тақпады. Мұның өзі мемлекет басшысының Мәскеудегі парадқа деген көзқарасы деп ойлаймын.

Жұлдыз Сүлейменова, депутат:

Бүгінде біз турболентті кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Ол геосаяси жағдайға да байланысты. Сондықтан сыртқы саясаттағы тұрақтылықты, қауіпсіздікті, мәмілегерлік балансты сақтау керек.

Әділ Жұбанов, депутат:

– Біріншіден, Жеңіс күнін ерекше күн деп есептеп, солай қабылдауымыз керек. Бәрін саяси жаққа бұру дұрыс деп есептемеймін.

Екіншіден, Қазақстан – тәуелсіз мемлекет, әр елдің өзіне керек тұстары бар. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ғана емес, ол – халықаралық деңгейдегі беделді, жоғары деңгейдегі саясаткер. Сондықтан президент не істеу керектігін біледі деп санаймын.

Мақсат Толықбай, депутат:

– Унитарлы мемлекетпіз. Шекаралас мемлекеттермен сыртқы саясатта дипломатиялық қарым-қатынас, серіктестік орната алуға тиіспіз. Президенттің (Мәскеудегі) парадқа барғанын білеміз. Украинадағы соғысқа байланысты Қазақстанның позициясы белгілі. Ондағы қақтығысты, соғысты жақтамаймыз.Сөзімнің астарын түсінсеңіз, дәл қазір ешқандай ата-ана майданға барып, баласының қару асынып, қан кешіп жүргенін қаламайды деп ойлаймын. Біз өтпелі кезеңде тұрмыз. Қазір бізге уақыт өткізу керек.

Никита Шаталов, депутат:

Президенттің Мәскеуге баруының стратегиялық мәні бар. Себебі, біздің Ресеймен қарым-қатынасымыз жақсы. Ресей Федерациясының әртүрлі қақтығыстар мен оларға қатысуға қатысты қандай позиция ұстанатынына қарамастан (мемлекет басшысының, – авт.) Мәскеуге сапары Владимир Путиннің немесе Мәскеудің ресми ұстанымын міндетті түрде қолдау дегенді білдірмейді.

Еске салайық, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов президентің Ресейге сапарын саясиландырмау керек деп санайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама