×

Мәжіліс төрағасы Мәскеудегі парад жайлы: «Мәселені саясиландырмайық»

Соғысқа аттанған көп қазақстандық Ресейде жерленген

 Дәурен Ерболат 10.05.2023 | 12:49
фото: akorda.kz

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов 9 мамыр - Жеңіс күніне орай Мәскеуде өткен парадқа ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысқаны жайында пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Мен дұрыс сапар деп есептеймін. Себебі, Ұлы Отан соғысы мен Ұлы жеңіс - біздің ортақ тарихымыз. Сондықтан барлық бауырлас мемлекеттің басшысы осы парадта болды. Мұны соғыста қайтыс болған аталарымызға, әкелерімізге арналған құрмет деп ойлаймын. Бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ деп есептеймін», - деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Мәжіліс спикерінің сөзінше, соғысқа Қазақс даласынан 1,2 млн адам аттанған.

Олардың жартысы оралмады. Олардың көбісі Ресейде жатыр. Олардың іздеушісі, жоқтаушысы болу керек пе, болмау керек пе? Менің ойымша, олардың іздеушісі - қазақ халқы, президент болуы керек, - деді Мәжіліс спикері.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов алдымен президент Астанадағы Отан қорғаушылар мемориалына барып, гүл шоғын қойғанын атап өтті.

«Осылайша, ол Отан қорғаушыларға тағзым етті, зиярат жасады.

Біріншіден, (мемлекет басшысы) 2 ардагерімізге «Халық Қаһарманы» атағын берді. Содан кейін Ржев қаласында барды. Кезінде бұл қалада мен де болғамын. Онда 22 мың қазақстандық жатыр. Оның дені қазақ жауынгерлері. Олар Мәскеуді қорғағанда қаза болған. Олардың аты-жөні тасқа қашалып жазылған. Зиярат жасау үшін президент сонда барды. Құран да оқытты. Мен (президентті) олардың жоқтаушысы болып барды деп ойлаймын.

Екіншіден, (онда) президентіміздің әкесінің туған ағасы Қасым Болтаев деген қазақ жауынгері жатыр.

Ресейге сапары барысында ол өзінің азаматтық және перзенттік, президенттік борышын атқарды деп есептеймін, - деді төраға.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңістің 78 жылдығына орай Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен әскери парадқа барды. Сондай-ақ Белгісіз жауынгер бейітіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.

Парадқа Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян қатысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама