«Өлтіріп алған деп күдіктенемін». Өлі күйінде табылған сарбаздың туыстары мәйітті Таразға алып келді (ВИДЕО)
Марқұмның туыстары істі соңына дейін жеткізуге, кінәлілерді анықтауға оқталып отыр
Жамбыл облысында жұмбақ жағдайда жоғалып, өлі күйінде Қырғызстандағы таулардың бірінен табылған сарбаз Ұлықбек Бердішевтің жақындары оның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін еместігін айтады.
Марқұмның туыстары «Баламызды тау ішінде тығып ұстады» дегенді айтып, өлім себебін анықтау үшін марқұмның мәйітін Тараздағы сараптама орталығына түнделетіп алып келді.
Марқұмның нағашысы Бауыржан Мереков бұны соңына дейін жеткізуге бекініп отыр. Ол сарбаздың өз-өзін өлтіргеніне сенбейді. Тіпті, осы мәселені республика деңгейінде көтеріп, кінәлілерді анықтау үшін Нұр-Сұлтан қаласына дейін жүгінетінін айтты.
Денесі ісіп кеткен, иісі шыққан. Бірақ сол жерде бір айдан бері асылып тұрған адамға мүлде ұқсамайды. Менің күдігім бойынша, баланы өлтіріп алғанға ұқсайды. Сол заставаның ішінде... Кім екенін белгісіз. Ертең біз заңды түрде талқылаймыз. Сот арқылы соңына дейін барамыз, - дейді Бауыржан Мереков.
10 сәуірде сарбаздың бірқатар киімін қырғыз қойшысы тауып алып, оның туыстарына тапсырған. Сосын Ұлықбектің туыстары шекара асып, оның киімі табылған жерге барса, 100 метр жерден баланың тау басында өз белдігене асылып тұрған кейпін көрген. Ал қалған киімі өлі күйінде табылған сарбаздың үстінде болған.
39 күннен кейін асылған күйі табылған 19 жастағы шекарашының өліміне қатысты Halyq Uni тілшісі марқұмның туыстарымен тілдесті.
Еске салайық, 2 наурызда із-түзсіз жоғалып кеткен - «Андас батыр» шекара бөлімшесінде (Меркі ауданы – авт.) мерзімді қызмет өткеріп жүрген 19 жастағы әскери қызметші, қатардағы жауынгер Ұлықбек Айдарбекұлы Бердішев өлі күйінде Қырғызстаннан табылды.
Ұшты күйлі жоғалған сарбаз – Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасы. Жас жауынгерді соңғы рет әскер қатарында жүрген Ердос Мырзағалиев көрген. Оның айтуынша, Ұлықбек екінші наурыз күні әскери бөлімдегі атқораны тазалап жүрген.
Ұлықбек – үйінің тұла бойы тұңғышы. Ол 2021 жылы 10 қыркүйекте әскери борышын өтеуге аттанған. Сол уақыттан бері Ұлықбек азаматтық міндетін абыроймен атқарып келген.