×

«Атқора тазалап жүрген». Жамбыл облысында 19 жастағы сарбаз із-түзсіз жоғалып кетті

Ұлықбектің анасы халықтан көмек сұрады

 Ұлдана Жұбай 04.03.2022 | 17:11

Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүрген жас сарбаз із-түссіз жоғалып кетті. Он тоғыз жастағы Ұлықбек Бердішовті әскерилер мен туыстарының таппай отырғанына бүгін екінші күн. Оқиға ҰҚК шекара қызметінің Меркі ауданындағы бөлімінде болған. Ұшты күйлі жоғалған сарбаз – Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасы.

Жас жауынгерді соңғы рет әскер қатарында жүрген Ердос Мырзағалиев көрген. Оның айтуынша, Ұлықбек екінші наурыз күні әскери бөлімдегі атқораны тазалап жүрген.

Сағат екілер шамасында атқораны тазалауға жұмысқа бөлді. Бір сағаттан кейін тексеруге барғанымызда, ол аттарды суарып жүрген. Кейін бәрімізді шақырып тексергенде ол жоқ болып шықты, - дейді сарбаз Ердос Мырзағалиев.

Ұлықбектің анасы Орынкүл Мерекова үш күнен бері ұйқысыз. Ұлынан ешбір хабар ала алмай отырған ана Ұлықбектің түзу жүретінін, артық қылығы жоғын айтады.

Анасының айтуынша, Ұлықбек үйінде тұңғышы екен. Ол 2021 жылы 10 қыркүйекте әскери борышын өтеуге аттанған. Сол уақыттан бері Ұлықбек азаматтық міндетін абыроймен атқарып келген. Үш күннен бері тұла бойы тұңғышынан хабар ала алмай отырған ана елден көмек сұрады.

«Баламның не тірі, не өлі екенін білмеймін. Өзімді қоярға жер таппай отырмын. Қазақ елі, баламды тауып беріңіздерші! Барлық жақтан іздестіріп жатырмыз. Қалай кеткенін білмейміз? Қашып кеткен шығар дейін десек, ол қашатын бала емес. Өте жуас, тұйық. Көмектесіңіздерші», — дейді етегі жасқа толған Орынкүл Мерекова.

Ал, Жамбыл облыстық полиция департаментіндегілер аталған іске байланысты жауап беруге құлық танытпады.

Қазіргі таңда Ұлықбектің әкесі және ағалары тәртіп сақшыларымен бірге оны іздестіріп жатыр. Алайда, оны көрдім-білдім деген ешбір куәгер жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама