×

Оралда 15 кәсіпкер облыс әкімдігінің алдына жиналды

Орал-Жәнібек жолының құрылысында тағы да шу шықты

 Халық үні 08.04.2022 | 11:12

2020 жылы күрделі жөндеу жұмыстары басталған республикалық маңызы бар «Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасындағы 53-95 шақырым» нысанында негізгі тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы.

«ҚазАвтоЖол» АҚ мердігер ретінде «Темір жол жөндеу» ЖШС-ны, ал олар қосалқы мердігер ретінде ADF Story+ ЖШС-ны жалдайды.

ADF Story+ ЖШС жол құрылысына арнайы техниканы жалға беретін, жанар-жағармай, құрылыс материалдарын жеткізетін, жұмысшыларды тамақтандыруды ұйымдастыратын, қалдықтарды утилизация жасайтын бірнеше батысқазақстандық компанияны тартады.

Алайда ADF Story+ ЖШС 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап ол компаниялардың қызметі үшін ақы төлеуді тоқтатқан. Басты мердігер мұны «Темір жол жөндеу» ЖШС тарапынан қаржылық қиындықтар туындауда деп түсіндіреді. Десе де құрылыс жұмыстары жалғаса берген.

Дәл қазір ADF Story+ ЖШС-ның батысқазақстандық компанияларға жалпы қарызы – 236 млн 619 мың теңге. Ол компаниялар – «АБУ-групп» ЖШС, «БатысСпецСтройСервис» ЖШС, «УралСпецСтройСервис» ЖШС, «Zhaik Снаб» ЖШС, «Мансур-Батыс» ЖШС, және «Шынгыс», «Ермегалиев Ж», «Кайырсапа Б.Г.», «Адил сервис»,  «Гурсаев», «Галиева», «Урашева С», «Заминов Р.», «Щурихин», «SARA» жеке кәсіпкерліктері.

Біз салық пен несиеімізді, қызметкерлерімізге еңбекақысын төлей алмай, тіпті кәсіпкерлік қызметімізді жалғастыра алмай қалдық, - дейді наразылық білдіру үшін жиналған кәсіпкерлер.

Кеше Оралда облыс әкімдікте Батыс аймақтың – Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарының транспорттық секторын дамытуға арналған кеңейтілген кеңес өтті. Оған Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев, Автомобиль жолдары комитетінің, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС, «Қазақавтожол» ҰК басшылары, үш облыстың әкімдігінен жауапты тұлғалар мен жол салып жатқан барлық мердігер компаниялардың басшылары қатысты.

Екі жылдан бері жол құрылысынан ақысын ала алмай жүрген кәсіпкерлер осы өңірлік кеңес басталарда әкімдік алдына жиналса да, оларды ішке кіргізбеді. Олармен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев шығып сөйлесіп, өңірлік кеңес өткен соң «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалы ғимаратында кездесіп сөйлесуге шақырды.

Кеңестен соң кәсіпкерлермен Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің өзі кездесіп, мәселені үшжақты келісімшарт жасау арқылы шешуге болатынын айтты. «ҚазАвтоЖол» АҚ-ға «Темір жол жөндеу» ЖШС-мен жұмысты қайта жалғастыруды, жоғарыда аталған келісімшарт негізінде қарызды «Темір жол жөндеу» ЖШС мойнына алуды, қосалқы мердігерден қылмыстық іс қозғалса да қарызын өтетуді талап етуді ұсынды.

Қорыта айтқанда, қосалқы мердігер ADF Story+ ЖШС-дан батысқазақстандық компаниялармен қатар «Темір Жол Жөндеу» ЖШС да зардап шекті делінді. Вице-министр борышкер компаниямен тікелей жұмыс істеген «Темір жол жөндеу» ЖШС-ға Азаматтық кодекстің 353-бабы («Басқаның ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшiн жауапкершiлiк») аясында әрекет етіп, мәселені шешуді тапсырды.

Еске салайық, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарында салынып жатқан жолды 2021 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырған болатын. Қазір бұл жоба 2023 жылға дейін шегерілді. Қазір Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың 39% ғана қанағаттанарлық. Яғни, республика бойынша ең төмен көрсеткіш. Биыл бұл бағытқа 15,3 млрд теңге бөлініп, 624 шақырым жолды жөндеу жоспарланған.

Нұрлыбек Рахман, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама