Атырауда Қаңтар оқиғасы үшін қамауға алынғандар наразылық акциясын ұйымдастырды

Айнұр Асылбекқызы

Арнайы прокурорлар тергеу изоляторындағы азаптауларға қатысты арыз түспегенін айтты

фото: Halyq Uni

9 наурызда Атырауда тергеу изоляторында қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысы бар деп үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеуге алынған азаматтар наразылық акциясын өткізді.

Оқиға орнына барған Halyq Uni тілшісі тергеу изоляторының төртінші қабатындағы темір тор терезесінен шыққан ер адамдардың айқайлаған дауыстарын естіп, қамалғандардың әлдебір заттарды сермеп жатқанын көрді.   

Тергеу изоляторының алдына жиналған кейбір ата-аналардың айтуынша, наразылық акциясы 6 наурызда басталған екен. Сол күннен бастап ұлдары изоляторда қамақта ұстау шарасы мен ондағы жағдайға, сонымен қатар, азаптауларға қарсы аштық жариялаған. 

Ата-аналар бұл туралы 9 наурызда ұлдарын көруге келген кезде білгенін айтады.

Қала тұрғыны Әлия Махамбетова қамаудағы ұлы - Иманғали Шамұратовтың 6 наурыздан бастап изоляторда ұсынылатын тамақ пен камералардағы антисанитарияға қарсы ас-су ішуден бас тартқанын айтты. Тіпті, мұндай қарсылық болып жатқанын тергеу изоляторы алдына жиналған басқа ата-аналар да растады.

«Ұлым мұнда тек суға піскен перловка беретінін айтты. Біз уайымдамас үшін мұндағы азаптаулар жөнінде айтпай келген. Бірақ, ұлым мұнда 13 қаңтарда түскен соң екі аяғының арасынан дубинкамен ұрғанын айтып отыр. Ол мұны жаны қысылғандықтан, әрмен қарай шыдауға жағдайы жоқтығынан айтып отыр. Тергеу изоляторындағы қысымға қарсылық ретінде олар қол тамырларын кесіп жатыр. Еріндерін тігіп тастағандар да бар. Бұл видео әлеуметтік желіде жүр», - дейді Ә.Махамбетова.

Оның ұлы Иманғали Шамұратов тергеудегі басқа 24 адамға тағылған айып тағылып отыр (Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-тармағы («Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу») және 380-бап («Билік өкіліне қатысты күш қолдану»).

Жиналған ата-аналар ұлдары тамырын кескенін көрген екі әйелдің есінен танып қалғанын айтады. Оларды үйге алып кеткен.

Азамат Ибраимовтың анасы – Индер ауданы тұрғыны Ағира Капенованың да ұлы изоляторда отырғанына бірнеше ай болған. Сот ұстау санкциясын ұзартқан.    

Ата-аналармен кездесуге облыс прокуратурасының арнайы прокуратура басқармасының бастығы Асылбек Мұқанов пен басқарманың арнайы прокуроры Әліби Мұстафин келді. Олар аналардың жан айқайын тыңдап, изолятордағы азаптаулар туралы факт бойынша қайта жауап алатынын жеткізді.

Антисанитария мен тамақ сапасы бойынша басқа әріптестер тексереді, ал тергеу изоляторындағы азаптаулар бойынша бүгінге дейін арыз болған жоқ, енді тексеретін боламыз, - деді олар.

Ал, арнайы прокурорлар тергеуге алынғандарды үйқамаққа емес, сотқа дейін изоляторда ұстаудың қажеттілігі жайлы сұраққа «тергеу сотына арыздану керек» деп түсіндірді.