Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, 2,5 жылға бас бостандығы шектелген
Биыл шілдеде үстінен қылмыстық іс қозғалып, 2,5 жылға жуық уақытқа бас бостандығы шектелген көпбалалы аналар Президенттен көмек сұрады. Жазықсыз сотталғанын айтқан аналар енді «елорда әкімдігіндегілер» қоқан-лоқы көрсетіп, темір тордың ар жағынан бір-ақ шығарғысы келетінін жеткізді.
Даудың басы мұқтаж азаматтарға берілетін жалдамалы пәтерлерден басталған. Өздеріне тиесілі пәтерлерде «квартиранттар» мен әлдекімнің туыстары заңсыз тұрып жатқанын естіген Асыл Ошақбаева, Ботагөз Шынықұлова мен Баян Мирас шындық іздеп елорда әкімдігіне барғанын айтады. Алайда сағаттап тұрса да, әкімдіктің кіреберісінен аса алмаған аналар сол мезетте еш тексерусіз ішке кіріп бара жатқан кәсіпкер Нұрлан Мүсілімнің жолын бөгепті. Аналар жағы кәсіпкердің өздеріне қол көтергенін айтып отыр. Содан кейін үшеуі бірге жабылғанын айтып ақталды. Артынша «Әкімдікке үй сұрап келген көпбалалы аналар ер адамды ұрып тастаған» деген ақпарат желіге тарап кеткен еді. Осы оқиғадан кейін көпбалалы үш ананың үстінен іс қозғалды.
«Біздің шындығымызды ешкім сұрамады. Нұрлан Мүсілім кезінде елорда әкімімен бірге жұмыс істеген. Таныстықты пайдаланып, бізді соттап жіберді. Қазір Біртановтың ісіне жауапты судья біздің ісімізді әділ қарамады. Видеода кәсіпкердің бізге қол көтергені анық көрініп тұр. Алайда судья оған көз жұма қарап, бізді кінәлі етіп шығарды. Негізінде, тіліміздің ұзын екені рас. Кей кезде артық кетіп қаламыз. Алайда біз шындық үшін шырылдадық. Бізді әкімдік жауапкершілікке тартуы керек еді. Бірақ олар заңды аттап, қылмыстық іс қозғады», - дейді Ботагөз Шынықұлова.
Асыл Ошақбаеваның айтуынша, жақында үйіне полицейлер баса көктеп кіріп, бөлімшеге күштеп әкетпек болыпты. Алайда көршісі араша түсіп, үйінде қалған. Содан бері жеті бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ананың ұйқысы бұзылған.
«Күштеп қол қойдырғысы келеді. Өйткені сот әділ өтпеді. Жазықсыздан-жазықсыз бізді соттады. Онымен қоймай, енді бір құжаттарға қол қойдырып, бізді түрмеге отырғызбақшы. Кімнен көмек сұрайтынымды да білмеймін. Өйткені осы уақытқа дейін біраз мекемеге арыз жаздым. Бірақ жоғарыдағыларға жетпей жатыр. Мені өлтіріп кете ме деп қорқамын. Қазір бізге сұқбат беруге де болмайды. Бірақ өзіме, балаларыма қауіп төніп тұр, сол үшін шындықты айтып кеткім келеді», - деді Асыл Ошақбаева.
Баян Мирас та балаларына кедергі келтіріле ме деп уайымдайды.
«Бар кінәміз – жалдамалы пәтерлердегі заңсыздыққа жауап алу. Негізгі мәселе жайына қалды. Бізді соттаумен қоя салды. Көпбалалы аналарға, мүгедек азаматтарға, шын мұқтаждарға берілетін үйлерде мүмкін әлі күнге дейін «қолы ұзындардың» туған-туысы тұрып жатқан шығар. Оны ешкім зерттеп жатқан жоқ. Мен соттағанына көндіккенмін. Бірақ түрмеге тоғыта алмайды. Заң тек қарапайымдарға ғана емес. «Жаңа Қазақстан» дейміз. Ендеше, әкімдікте отырған басшылардан бастап судьялардың жұмысына дейін тексеру жүргізілсін», - деді Баян Мирас.
Көпбалалы аналардың ендігі үміті Мемлекет басшысында. Олар Үкіметтен ақша да, баспана да сұрамайтынын айтып, тек әділдік орнауын сұрап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 27 шілдеде көпбалалы аналар әкімдікке тұрғын үй мәселесі бойынша жиналған. Нәтижесінде жағдай ушығып, әйелдер құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерге шабуыл жасап, оны соққыға жыққаны хабарланды. Әкімдік өкілдері полицияны шақырып, тәртіп бұзушыларды бөлімшеге алып кеткен.
Нұр-Сұлтан қалалық сотының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 2022 жылғы 27 шілдеде сағат 10:00 шамасында Ш., О. және М. әкімдік ғимаратында қоғамдық тәртіпті дөрекілікпен бұзып, әкімдікке кеңеске келген жәбірленуші - бейтаныс М.есімді азаматқа зомбылық жасаған.
Сараптамаға сәйкес, олар М.-ның басын жарақаттап, екі қолын көгерткен. Тергеу дене жарақаттарын денсаулыққа жеңіл зиян келтіру ретінде бағалаған. Сонымен қатар айыпталушы әйелдер жолды бөгеп, азаматтар мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің ғимаратқа кіруіне кедергі келтірген.
Күдіктілердің іс-әрекеті бейнебақылау камераларындағы жазбалармен, сот-медицина сараптамасының қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәлердің айғақтарымен расталған.
«Іс бойынша сотталған адамдардың жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сотталған адамдардың жас балаларының болуын сот жауаптылықты және жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
Ш., О. және М. бұрын сотталмаған. Бұзақылық орташа ауырлықтағы қылмыс қатарына жатады», - делінген сот хабарламасында.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, үш әйелге Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Пробациялық бақылау белгіленді. Сондай-ақ олар қоғамдық-саяси қызметпен, оның ішінде БАҚ пен телекоммуникация желілерін пайдалана отырып 3 жыл мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айырылды.