«Әкімдіктер мүдделі емес». 89 мың студент жатақханаға мұқтаж
28 университет қана студенттерін жатақханамен 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр
Ғылым және жоғары білім университетінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда жаңа оқу жылына дайындық аясында 10 ЖОО жатақханасына күрделі жөндеу және 64 ЖОО жатақханаларына ағымдағы жөндеу жүргізілді.
«Министрлік жатақханалардағы орындарға қажеттіліктерді есептеді. Бүгінгі күні 28 ЖОО білім алушыларды 100% жатақханамен қамтамасыз ете алады. Болжам бойынша, жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттердің саны 89 мыңнан асады», – делінген ведомствоның ақпаратында.
Министрлік жатақханаға ең көп сұраныс Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалатынын айтады.
«Жатақханалардағы орындардың жетіспеушілігіне жалға берілетін тұрғын үйдің қымбаттауы да әсер етуі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға ЖОО білім алушылары үшін қонақ үйлер мен хостелдерде тұру бағаларын реттеуді пысықтауды сұраймыз», – деп қосты меморган.
Әзірге министрліктің бұл тапшылықты шешу үшін істеген жалғыз жұмысы оқу жылына дайындық шеңберінде ЖОО ректорларымен кеңес өткізіліп, жатақханаларда орындармен қамтамасыз ету және жалға берілетін тұрғын үй, хостел және басқа да балама шаралар бойынша шаралар қабылдауға тапсырмалар берді.
Halyq Uni тілшісі еліміздегі бірқатар университеттерге хабарласып, жатақхана бағаларын салыстырды.
БЫЛТЫРҒЫДАН ЕКІ ЕСЕ ҚЫМБАТТАДЫ
Еліміздегі университеттердің ішіндегі ең қымбат жатақхана ақысы Алматыдағы Сүлеймен Демирел университеті. Еске сала кетейік, бұған дейін редакциямызға аты-жөнін көрсетпеуді сұраған Сүлеймен Демирел атындағы университет студенттерінің бірі жүгініп, аталмыш оқу ордасындағы жатақхана бағасы тым қымбат екенін жазған болатын.
СДУ -дің баспасөз қызметі жатақхана бағасының биыл қымбаттағанын растады. Университет баспасөз қызметінің хабарлауынша, жатақхана ақысы семестріне (қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін) 362 мың теңгені құрайды, айына – 90 500 теңге. Былтыр жатақхана ақысы жылына (2 семестр үшін) 360 мың теңге болды, алайда ол сомаға кешкі ас енбеген.
Оқу орны биыл бағаның екі есе қымбаттауын биылдан бастап 7 күн бойы кешкі ас беріле бастайтынымен байланыстырды.
«КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМДЕР ҚЫМБАТТАДЫ»
М.С. Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЮУ-де жатақхана бағасы былтыр 10 мыңнан 12 мың теңгеге көтерілген. Жаңа 2022-2023 оқу жылында тағы үш мыңға қымбаттауы мүмкін.
«Қазір жатақхана ақысын 15 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Осы айдың соңында шешім қабылданады. Негізі өткен оқу жылына дейін жатақхана ақысы 10 мың теңге болып келген. АӘК алатын отбасылардан шыққан студенттерге, тұл жетім және жартылай жетім балаларға толықтай тегін болып келді. Биыл бағаның көтерілуіне байланысты, коммуналдық төлемдер, электр энергиясы, судың бағасының өсіп және клинингтік компания қызметінің қымбаттауына орай жатақхананың да ақысының 15 мың теңгеге көтерілу ықтималдылығы бар. Бірақ нақты шешім айдың соңында белгілі болады», – деді университеттің студенттік мәселелер жөніндегі вице-провосты Мақсат Мұсабеков.
Оның айтуынша, университеттің студенттер үйі ұлдар жағы және қыздар жағы болып бөлінеді. Жатақхана қорында 370 орын бар.
«Қазір бұл орын көбейді, себебі қызметкерлердің жатақханадағы орнын босатылып, оған студенттерді орналастырылып жатыр. Биыл университетке түсіп жатқан талапкерлер көп, сондықтан жатақханамен қамтылған студенттердің үлесі аз», – деп қосты спикер.
Қазір оқу орны студенттерді тұрғын-жаймен қамтамасыз ету үшін хостелдермен келісімшарт жасауды көздеп отыр.
«Студенттер үйіне сыймай, жатақханаға сұраныс көп болып жатса, хостелдермен келісеміз. Ғылым және жоғары білім министрлігінің Қаржы орталығындағы бағдарлама бойынша келісімшарт бар. Соған сәйкес, мемлекет тарапынан көмек бар, қалған төлемді студенттер өздері жасайды. Биыл да осы бағдарламаға кірісеміз деп отырмыз. Себебі біздің басқаша қамтамасыз етуімізге жағдайымыз келмейді. Жатақхана тапшылығы бар, жоқ емес. Мүмкіндігімізше шешеміз», – деп толықтырды Мақсат Мұсабеков.
ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕРДЕ ОҚУ АҚЫСЫ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ
Елордадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жатақханасында тұру ақысы үш түрлі болып бөлінген. Қазақ-совет заманында салынған жатақханада тұру ақысы айына 12 мың теңге. Ал бертінде салынған заманауи ғимаратта тұру ақысы айына 15-18 мың теңгеден. Бұған тегін интернет, жатар орын, жиһаз бен кір жуатын машина, тоғазытқыш кіреді.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аумағында дәліздік, секциялық және пәтер типтес 8 студенттер үйі бар. Барлығы 3 мың студентті қабылдай алады.
«Жатақханаға 5 мыңнан астам студент мұқтаж. Жатақхана қажеттілігіне байланысты университетте қосымша орындармен қамтамасыз ету шаралары жүргізіліп жатыр. Университет хостелдармен және жатақханалармен келіссөздер жүргізіп, қосымша 700 орын ұсынылады», – деді университеттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ университет биыл жатақхана ақысының өзгермей, былтырғы бағаның қалғанын айтады.
«2022-2023 оқу жылында ЕҰУ студенттік үйлерінде тұру құны жатақхана түрі мен ауданына байланысты 10 000 теңгеден 11 000 теңгеге дейін. Сондай-ақ студент өз таңдауы бойынша пәтер тектес жатақханаларға да орналаса алады», – делінген оқу орнының жауабында.
Бұл ретте жатақханамен бірінші кезекте 1 курстың студенттері мен әлеуметтік топқа жататын (ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі) 1-5 курс студенттерін, содан кейін 2-3 курс студенттері қамтамасыз етіледі.
«ӘКІМДІКТЕР ЖАТАҚХАНА САЛУҒА КЕЛГЕНДЕ ҚАЛДЫҚТЫ ПРИНЦИП ҰСТАНАДЫ»
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев екі ай бұрын Премьер-министрдің атына Қазақстандағы жатақхана мәселесін көтеріп, сауал жолдаған. Оның айтуынша, елімізде 85 мың студент пәтер жалдап тұрып жатыр. Атап айтқанда, жатақхана тапшылығы ең көп Нұр-Сұлтанда – 17 мың, Алматыда – 35 мың және Шымкентте – 10 мың.
Депутат 2021 жылы 10 364 орындық 49 жатақхана пайдалануға берілгенін айтады.
2022 жылдың жоспарына сәйкес 35 жатақхана салу жоспарланған. Бірақ, бұл процесс өте баяу, әрі тиімсіз шаралардың әсерінен уақытында орындалмай қалу қаупі бар. Жылдың бел ортасына жетсе де Үкімет тарапынан, оның ішінде Қаржы министрлігі жатақханалардың құрылысын қолдауға бағытталған жүйелі өзгерістерді қабылдауға даяр емес, – деді ол сауалында.
Оның сөзінше, биыл салынуы тиіс 10 мың орындық жатақхананың орнына 6 ай ішінде бар болғаны 1320 орындық 6 жатақхана ғана салынды.
Бұл жалпы құрылыстың 13-ақ пайызы. Оған қоса, 3,5 мың орынға арналған 9 жатақхананың құрылысы, яки салынуы тиіс нысандардың 35 пайызы бойынша құрылыс жұмыстары биыл аяқталуы екіталай, – деп қосты мәжілісмен.
Оның бір себебі 2021-2022 жылдардың қорытындысы бойынша, құрылыс материалдарының орташа есеппен 40-50 пайызға қымбаттауына байланысты мемлекеттік тапсырыс алудың тиімділігі жоғалды деп есептейді.
Бүгінде студенттік жатақхана салуға ынталы инвесторларды табу қиындап, керісінше 5,6 мың орындық 16 жатақхананың келісімшарттары тоқтатылған.
«Сондықтан, тез арада студенттік жатақхана салу механизмдерінің тартымдылығын арттыру тетіктерін енгізуді сұраймын. Яғни мемлекеттік төлемдерді 8 жылдан 6 жылға қысқартып, қайтарымды қаржының сомасын кемінде 25 пайызға көтеруді ұсынамыз», – деп толықтырды Елнұр Бейсенбаев.
Сонымен бірге, ол жергілікті әкімдіктер әлі де болса студенттік жатақханаларды салуға мүдделі емес екендіктерін нақты көрсетіп отырғанын айтады.
«Мысалы, бүгінге дейін инвесторлар мен білім беру ұйымдарына жер бөлу мәселесі өте қиын жүргізіліп келеді. Сондай-ақ құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстарды, бюрократизмге айналдырғаны тағы бар. Меніңше, әкімдіктер тарапынан жатақхана салу бойынша «қалдықты принципті» ұстану, жас студенттерге жасалған қиянат деп санаймын», – деді ол.
Осы орайда, депутат студенттерге арналған жатақхана тапшылығын шешу мақсатында, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Үкіметтің қаулысындағы қызметтің басым түрлерінің тізбесіне жатақханаларды әлеуметтік нысан ретінде қосуды ұсынып отыр. Сондай-ақ жергілікті әкімдіктерді жатақхана салу бойынша өңірлік куратор ретінде анықтауды, яғни олардың жауапкершілігі мен мүдделігін айқындау қажеттігіне назар аударды.