×

«Кейбірі гранттан бас тартып жатыр». СДУ-дағы жатақхана бағасы не үшін екі есе қымбаттағаны айтылды

Университет биылдан бастап жатақхана студенттерін кешкі аспен қамтиды

 Айнұр Шошаева 15.08.2022 | 15:41
фото: СДУ баспасөз қызметі

Бірнеше аптадан соң жаңа оқу жылы басталады. Оқу жылы қарсаңында студенттер арасында жатақхана мәселесі тағы да сөз болып жатыр. Halyq Uni редакциясына аты-жөнін көрсетпеуді сұраған Сүлеймен Демирел атындағы университет студенттерінің бірі жүгініп, аталмыш оқу ордасындағы жатақхана бағасы тым қымбат екенін жазды.

«СДУ жатақханасының бағасы жайлы. Бір семестр үшін – 377 000 тг, екі семестр – 754 000 тг. Кәдімгі тонау ғой. Өзім көпбалалы отбасыдан шыққан соң қиналамын. Анамның жалақысы – 60 000 тг. Шыны керек, жатақхана ақысын төлеу салмақ түсіріп жатыр. Жиған-терген ақшамды төлеп киімсіз қалдым, жаңа ноутбук аламын деген ақшаны соған жұмсадым. Талапкерлердің кейбірі гранттан амалсыз бас тартып жатыр», - деп хат жазды.

ЖОО-дағы жатақхана ақысына қатысты Halyq Uni тілшісі СДУ баспасөз қызметіне хабарласты. Университет баспасөз қызметінің хабарлауынша, жатақхана ақысы семестріне (қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін) 362 мың теңгені құрайды, айына – 90 500 теңге. Былтыр жатақхана ақысы жылына (2 семестр үшін) 360 мың теңге болды, алайда ол сомаға кешкі ас енбеген.

Биылдан бастап студенттерге жағдай жасау мақсатында аптасына 7 күн кешенді кешкі ас (бірінші, екінші тағам, салаттар, нан, тәттілер, шай, түрлі сусындар, жеміс-жидек) жатақхана ақысына кіреді. Студенттер үйіне қабылдау кезінде басқа қалалардан келген және 1-курс білімгерлеріне басымдық беріледі, - делінген СДУ жауабында. 

АНЫҚТАМА ҮШІН:

Сүлеймен Демирел атындағы университеттің студенттер үйі кампустың территориясында, оқу ғимаратынан 30 метр қашықтықта орналасқан. 4 блоктан тұратын ғимарат 1 120 адамға шақталған. Отель типіндегі студенттер үйінде 70-тен астам қызметкер білімгерлерге тиісті деңгейде клининг, медициналық, электр, сантехника, жөндеу жұмыстары, кір жуу, әкімшілік қызметтер көрсету үшін тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді.

Ұлдарға және қыздарға арналған жатақхана бөлек, бөлмелер студенттер үйінің 3 және 4 қабатты екі ғимаратында орналасқан. Ғимараттың әр қабатында 4 кісілік 20 бөлме, тәрбиешілерге арналған бөлмелер, студенттерге арналған демалыс бөлмесі, жуынатын бөлмелер бар. Жатақхана тазалық бөлмелерін қосқанда 1000 шаршы метр аумақты алып отыр.

Жатақхананың төменгі қабатында студенттерге арналған үстел теннисі, шахмат, дойбы, бильярд үстелі бар. Студенттер үйінде жыл бойы жастарға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылады. Жатақхананың ашылуы, кинокештер, футболдан жатақхана кубогы, көңіл көтеру кештері, таза ауада пикниктер, семинарлар мен мерекелер ұйымдастырылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама