×

«Халық несие азабынан құтылмайды»: экономистер жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын сынады

Проблемалық несиелердің көбеюіне халық емес, Үкімет пен банктер кінәлі

 Айнұр Шошаева 30.06.2022 | 10:13
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстан үкіметі әзірлеген жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы қарапайым азаматтардан бұрын, банктер мен микроқаржы ұйымдарының мүддесін қорғайды. Қазақстан халық партиясының алаңында аталған заң жобасын талқылаған сарапшылар осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

ҮШ ТӘСІЛ МЕН ҮШ ТЫЙЫМ 

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятовтың айтуынша, бүгінгі күні елімізде 1 млн-нан астам азамат несиелік борышын өтей алмай, қиындыққа тап болды. Қаржы министрлігі ұсынған «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасында азаматтарға банкроттық процедурадан өтудің үш жолы ұсынылып отыр. 

Біріншісі  сотқа дейінгі банкрорттық. Онда азаматтар сотқа келмей-ақ электронды үкімет арқылы өтініш беріп, алты ай ішінде өте алады. Басты талабы оның банктер мен микроұйымдардың алдындағы қарызы 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы және ресми табысы болмауы керек. Табысы болған жағдайда 36 038 теңгеден аспауы тиіс, - деді Қайрат Миятов. 

Сонымен бірге ол қарыздың шекті сомасын банктердің кепілсіз несиені 5 млн сомасында беретінімен түсіндірді. Сотқа дейінгі банкрорттық процедурадан өткен соң, кредитордың алдындағы қарыз мерзімі өтіп кеткен болып саналады. Кредиторлар қарыз алушыдан міндетін өтеуді талап ете алмайды, ал банкрот болып танылған тұлға жаңадан қарыз ала алмайды. 

Екіншісі сот шешімімен банкрот болып танылу. Онда кепілге қойылған затты сату арқылы қарызды өтеу қарастылған. Түскен қаржы кредитордың алдындағы қарызды өтеуге бағытталады. Үшінші процедура төлем қабілетін қалпына келтіру – банкроттық процедураны өтпей сот арқылы реттеуді көздейді. Қарыз алушы бес жыл мерзімге төлем графигін ала алады. Жоспар қаржылық басқарушымен бірге сотта құрылады.ол үшін қарыз алушы мен кредитордың келісімі қажет, - деп толықтырды ол.  

Сонымен бірге комитеттің өкілі банкроттық процедурадан өткен азаматқа бірқатар шектеу шаралары қолданылатынын еске салды. Атап айтқанда, банкрот тұлғаға банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алуға 5 жылға тыйым салынады. Қайталап банкроттық рәсімді тек 7 жылдан кейін өте алады және банкрорт болып танылған соң 3 жыл бойы оның қаржылық ахуалына мониторинг жүргізіледі. Жобадағы тағы бір жаңалық банкрот процедурасын өткен адам бір жыл ішінде құқықтық және қаржылық сауаттылық курсын өтуге міндетті. 

«ПРОБЛЕМА ҚАРЫЗ АЛУШЫДА ЕМЕС, БІЗДІҢ ҮКІМЕТТІҢ ӨЗІНДЕ»

Еске сала кетейік, 5 қаңтарда Жаңаөзендегі жаппай наразылықтен кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды әзірлеу туралы тапсырма болды. Тура бір айдан соң Әлихан Смайловтың үкіметі қоғамға аталған заңның жобасын таныстырды. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың пікірінше, Қаржы министрлігі ұсынып отырған жобаны қабылдау Қазақстандағы халықтың қаржылық ұйымдардың алдындағы қарызынан құтылуына көмектесе алмайды. 

«Бұл заң жобасы несиеге батып, оны қалай төлей білмей жүрген халықтың үштен бір бөлігіне,тікелей қатысты. Олардың көптеген құқықтары тапталып жатыр. Өйткені үй немесе субсидия алу және сол сияқты  басқа да мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды. Себебі, оларды проблемалық қарыз алушы деп айтады. Шын мәнінде проблема болып отырған осындай экономикалық саясат жүргізіп, адамдарды осындай жағдайда қалуға мәжбүрлеп отырған ұйымдарға преференция беріп отырған біздің Үкіметтің өзі», - деді Смирнова. 

Депутат аталған заңда қаржылық ұйымдардың жауапкершілігін көтеру керек деген пікір білдірді. 

Біздегі банктердің өздері проблемалық болып отыр. Банктер өздері жүргізген саясат үшін азаматтардың алдындағы жауапкершілігін көтеруі керек. Ұсынылып отырған заң жобасы өсімпұлдың құрсауында қалған адамдардың құқығын шектеп отыр. Егер бұл заң жобасын осы күйінде қабылдайтын болса, ол ештеңені шешпейді, - деп толықтырды депутат. 

«БҰРЫНҒЫ НОРМАНЫ ҚАЙТАРУ КЕРЕК» 

Экономист Марат Абдырахмановтің пікірінше Қазақстандағы несиелендірудің шекті мөлшерлемесі экономикалық әдіспен (халықаралық банктердің есептерімен) есептелуі керек.

«Бұл мөлшерлеме Қазақстан Республикасының жалпы экономикасына тікелей байланған, яғни одан жоғары бола алмайды. Қазақстан экономикасының жалпы рентабельності 2021 жылы шамамен 2 пайызды құрады. Бұл деректің өзі проблеманың қайдан пайда болғанын көрсетіп отыр. Бұл ретте Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың салықтық жүктемесін есептеп отырған жоқ, нәтижесінде адамдар өзіне өзі жұмыс істеп пайда таба алмайды. Сондықтан қазір қабылданып жатқан шаралардың барлығы өзінің жасаған қателіктерін жасыруға тырысып жатқандай сипатты көрсетіп отыр», - деді экономист.

Сонымен бірге, ол қазақстандықтандың проблемалық кредиттен арылту үшін 1999 жылға дейін қолданыста болған заң нормасын қайтадан қалпына келтіру керек деп есептейді.

«Проблеманы шешу үшін Азаматтық кодекстің кабельдік мәмілелер бойынша барлық міндеттемелерді есептен шығару туралы норманы қайта қалпына келтіру керек. Егер Азаматтық кодексте болған бұл норма қайтарылса, 3 млн адамның  кредиті еш сұрақ қойылмастан жойылады. Яғни бұл адамдар адал азамат ретінде Қаржы нарығын реттеу агенттігіне кредиттік реабелитация жүргізуді талап етіп жүгіне алады. Адамдар соңғы 20 жылда төлеген артық төлемдерін қайтару мүмкіндігіне ие болады. Сол кезде  Қазақстанда ешқашан несиені төлей алмай, өзіне қол салушылар болмайды», - деп қосты Абдырахманов. 

Оның ойынша, заңның қазіргі жобасы проблеманы шешудің орнына жыл сайын проблемалық қарыз алушылардың қатарын көбейте түседі. 

Мен банкроттық туралы заңға қарсы емеспін. Бірақ банкрорттық туралы заң бәрін бірдей қамту керек: мемлекеттік ұйымдарды, кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды. Бұл үшін біздің заңнама салық жүктемесі, несие, жерді пайдалану және т.б. әлемдік тәжірибеге негізделген экономикалық есептеуге құрылуы керек. Кезінде банктердің бастамасымен алынып тасталған норманы қайтару арқылы ғана, бұл проблеманы шеше аламыз, - деді экономист. 

«ТАЛАПТАРЫ БАНКРОТТЫҚ ПРОЦЕДУРАНЫ АУЫРЛАТАДЫ»

Экономист Асқар Қысықов Қазақстанда қанша адам банкроттық процедурадан өтетін айту қиын, себебі заң талаптары қиынсыз деген пікірде. Сондықтан бұл мүмкіндікті 1,5 млн адамның бәрі пайдалана алмайды деп есептейді. 

«Себебі баспанасы болмауы керек деген критерий бар. Мұның өзі жылжымайтын мүлігі бар адамдардың көбін сотпен банкрот деп тану процедурасына мәжбүрлейді. Заңның маңызды бөлігі сотқа дейінгі банкроттық процедура болып отыр. Критерийлеріне келетін болсақ, табысы күн көріс деңгейінен төмен болу керек деген талабы бар. Егер банктік картасына ақша аударылса, ол ресми табыс болып есептеледі. Ақшаның қайдан келгені анықталмайды. Сондай-ақ қарызды жабудың негізгі шарты 12 ай бойы төлем болмауы керек. Мысалы, егер 1000 теңге қарызды төлейтін болса, 12 айдың ішінде аталған процедураны өте алмайды. Бәлкім бұл жерде төлем фактісін емес, оның мерзімінің өтіп кеткеніне қарау керек шығар.12 ай деген тым ұзақ», - деді экономист. 

Сонымен бірге, ол қарыз адам өзінің банк/коллектормен қарызын реттеуге тырысқаны туралы анықтама ұсынуы керек деген норманы сынады. Экономист мұны бұл қажетсіз процедура деп санайды. Egov арқыры онлайн берілген өтінішті аз уақыт ішінде қарауға болады. 

Мәліметтер базасында барлық ақпарат тұр, жылжымайтын мүлігі болмаса неге алты ай қаралады? Меніңше бір ай немесе бір апта ішінде несиені кешіруге болады. Бастапқыда жобада шетелге шығуға тыйым салу туралы норма болды, қазір оны алып тастады. Есесіне басқа кредит алуға тыйым салу көзделген. Банкроттық процедураны өткен соң 3 жыл бойы қаржылық мониторинг жүргізу деген норма бар. Процедурадан өтіп, қарызынан құтылған адамды үш жыл бойы бақылаудың қандай қажеті бар? Ол адамның табыс тауып, мүлік алуға құқығы бар, - деп қорытындылады Асқар Қысықов. 

«ҚАРЫЗ АЛУШЫЛАРДЫҢ МҮДДЕСІ ҚОРҒАЛМАҒАН»

Экономист Рахым Ошақбаевтың ойынша, сотқа дейінгі банкроттық процедура жолындағы барлық кедергілерді алып тастау керек. 

«Мәселен, несиесін онсыз да төлемей отырған адамдардан ешқандай қосымша әрекет пен анықтама талап етудің қажеті жоқ. Қазіргі заң жобасы қоғам күтіп отырған нәтижені бермейді. Баспананың болмауы, шотына бір теңге түспеу, кредитордан анықтама алу сияқты талаптар көптеген адамның процедурадан өтуіне кедергі келтіреді. Бұл заң банктерге кредитті тек қарызды тек қайтарғысы келетін және қайтара алатын адамдарға бергізуі керек. Сонда ғана несиені оңды-солды беруді тоқтатады. Қазір несиеге кофе, түскі ас ішуге болады. Өйткені банктерге тиімді болып тұр», - деді экономист. 

Сонымен бірге ол Қазақстанда қарыз алушылардың мүддесін қорғайтын ұйымдардық жоқтығын атап өтті. 

Қазақстанда банктердің мүддесін қорғайтын Қаржыгерлер қауымдастығы бар, олардыңы барлық есікті қағып кіруге мүмкіндігі бар. Президент пен Үкіметтің жанындағы түрлі комиссиялар мен кеңестерге мүше бола тұрып, банктердің мүддесін көтере алады. Ал осыншама жыл қарыз алушылардың мүддесін көтерген ешкім жоқ. Қазір Мәжілістегі жұмыс тобын сот орындаушылар палатасының бұрынғы төрағасы басқарып отыр. Яғни, банктер, коллекторлар мен өндірушілер қазір өз мүдделерін қозғап жатыр, - деп қосты Ошақбаев. 

Айта кетейік, «Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заң жобасы қазір Мәжіліске жолданып, жұмыс тобында қаралып жатыр. Әзірге бұл заңның қашан қабылданып, күшіне енетіні белгісіз.

Бүгінде ата-анасының несиесі өмірден өткен соң балаларына мирас болып қалып жатқан жағдайлар кездеседі. Қазір Қазақстан халық партиясы аталған заң жобасына оған тыйым салу туралы норманы енгізу керек деген бастаманы көтеріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама

«Бейнекамераға түсірмеуді өтінді»: Атырауға бір топ ресейлік келді

Пойыздан түскендердің ішінде астрахандық қазақтар да бар: 
25.09.2022 | 07:40

Алматылық әйелдің шотынан 5 мың доллар шешіп алған екі жігіт видеоға түсіп қалған

Банк қызметкерлері әйелге хабарласып, шотынан 5 мың доллардан астам қаражат шешілгенін айтқан
25.09.2022 | 06:30

Синоптиктер келесі аптада елордада қар түсетінін хабарлады

29 және 30 қыркүйекте күндіз 8 градусқа дейін жылынады, түнде алғашқы аяз түседі
25.09.2022 | 00:33

Мобилизациядан жалтарған ресейліктер Қазақстанның қай өңірлеріне жаппай келіп жатқаны белгілі болды

Ең көп жиналу Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында байқалады
24.09.2022 | 23:45