×

А4 қағаздары 70% қымбаттады. Кеңселер сарғыш қағаз сатып алуға мәжбүр

Қазақстандық тұтынушылар биылғы жарты жылда А4 қағазына былтырғы кезеңге қарағанда 725,6 млн теңге артық төлеген

 Ербол Тұрымбет 20.06.2022 | 17:02
Коллаж: Halyq Uni

Былтыр да, биыл да алғашқы 6 айда миллионнан сәл астам қорап пайдаланылған. Яғни, тұтыну көлемі шамалас. Бірақ өткен жылы 1 382 923 535 теңге төленсе, биылғы жартыжылдықта төлем құны 2 108 580 029 теңгеге жеткен.

Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған мәліметтерді «Әділдік жолы» РҚБ өкілдері саралап шығып, осындай мәлімет ұсынып отыр. Тұтынушылардың көш басында – «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы. Олар былтыр 359 млн-нан астам теңгеге А4 қағазын сатып алған.

«БЮДЖЕТТІК ҰЙЫМДАР АРЗАН АҚСАРЫ ҚАҒАЗДЫ САТЫП АЛУҒА ТЫРЫСАДЫ»

Мамандар оны Ресей мен Украина соғысының әсері екенін айтып отыр. Мәселен, еліміздегі кеңсе тауарлары саудасымен айналысатын ірі сауда желісі – ABDI өз дүкендерінде сарғыш қағаз сатылымының күшейгенін айтты. Компания ресейлік екі ірі монополист өндіруші – «Сильвамо Корпорейшн Рус» пен «Монди Сыктывкарский ЛПК» компанияларының Қазақстандағы ресми өкілі және дистрибьюторы. Екі комбинат та шетелдік компаниялардың басқаруында болып келген еді. Санкцияларға байланысты шетелдік компаниялар Ресей нарығынан кететін болды. Бірақ өндіріс қалады және зауыттар жұмысын жалғастырып жатыр.

Ресей үкіметінің осы кәсіпорындарға қатысты қандай шешім қабылдайтыны, жаңа меншік иесі кім болатыны, кәсіпорындар үшін жаңа саясат қандай болатыны әлі белгісіз. Қазір кеңсе қағаздарының үздіксіз өндірісі жолға қойылды. Өндірілетін кеңсе қағаздарының көлемі Ресей мен ТМД нарығының қажетін өтей алады, - делінген ABDI компаниясының ресми сауалымызға берген жауабында.

Әсіресе, соңғы уақыттары елімізде ресейлік «Сильвамо Корпорейшн Рус» комбинатының жаңа әмбебап кеңсе қағазы – SvetoCopy Eco көбейе бастағаны белгілі. Ол – ақшылдығы 60%, ақшыл сары түсті кеңсе қағазы. Ол қазір Қазақстан бойынша ABDI дүкендерінде жеткілікті мөлшерде сатылып жатыр.

Тек ақ қағазды сатып алғысы келетін ұйымдар бар. Бірақ ол ақсары қағаздан 30-40% қымбат болғандықтан, көптеген бюджеттік ұйым арзан ақсары қағазды, яғни SvetoCopy Eco қағазын сатып алуға тырысады. Әрине, қалыптасқан жағдайға байланысты бағалар осы жылдың қаңтар айымен салыстырғанда екі есе өсті. Бірақ қазір мамыр және маусым айларында бағаның төмендеуін байқап отырмыз, - дейді ABDI өкілдері.  

ҚАЗАҚСТАНДА А4 ӨНДІРЕТІН ШИКІЗАТ ЖОҚ

«Сильвамо Корпорейшн Рус» және «Монди Сыктывкарский ЛПК» зауыттарының өкілдері биыл тамыз айынан бастап ақ қағаз өндіруге арналған химикаттарды жеткізу толық қалпына келтіріліп жатқандығы туралы ресми мәлімдеме жасады. Тиісінше, тамыз немесе қыркүйек айынан бастап ақ қағазды шектеусіз шығару мүмкіндігі пайда болады деген болжам бар.

Өкініштісі, қазақстандық өндірушілер ресейлік өндірушілерді толық алмастыра алмайды. Өйткені, орман, целлюлоза және орасан су ресурсы сынды ең маңызды нәрселер жоқ.

Біздің нарықта тек А4 кеңсе қағазын кесетін, құжат тігетін, дәптерлер, қағаздан жасалған тауарлар дайындайтын отандық шағын компаниялар ғана бар. Бірақ осы өнімді өндіруге арналған шикізат – орамдағы қағазды олар басқа мемлекеттерден, негізінен Ресейден әкеледі. Қазақстанда қағаз өнімдерін өндіру үшін отандық шикізат жоқ.

«УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС АҚ ПАРАҚТЫ 70%-ға ҚЫМБАТТАТТЫ»

Нарықта А4 парағының шарықтап кеткенін «OfficeДом» компаниясы да мәлімдеп отыр. Сауда желісінің Нұр-Сұлтан қаласы филиалының сауда жөніндегі директоры Арман Байекешевтің айтуынша, Украинада соғыс басталғалы оларда ақ парақ шамамен 70%-ға қымбаттаған. Ал сәуір айында өзгелерде ақ парақ таусылып немесе сатып алу көлемі шектеулі болғандықтан бұларда сұраныс біраз артқан.

Біз негізінен ақшылдығы 90%-ға жететін «С» санатты қағаз сатамыз. Жуырда ресейлік А4 қағазын шығаратын зауыттардағы ағартатын химикаттардың тапшылығына байланысты бізде де SvetoCopy Eco қағазы пайда болды. Бірақ ол бізде тапсырыспен ғана сатылады. Яғни, тұтынушылар сұраса ғана жеткізіп береміз. Былайғы уақытта қоймамызда ондай ұстамаймыз, - деді ол.

«OfficeДом» өкілі жалпы жыл басынан бері сарғыш қағаз сатылымы ақ парақтың қасында болмашы ғана екенін айтады. Мысалы, аптасына шамамен 5 мың ақ парақ қорабы сатылса, сарғыш түсті түрінен 100 қораптай ғана екен. Әйтсе де, сарғыш парақтардың саудаға шыққанына ары кетсе бір ай ғана болған. Сондықтан ұзақмерзімді жоспарда сұраныстың артуы мүмкін дегенді жоққа шығармайды.

Айта кетейік, ресми мәлімет бойынша, былтыр Қазақстанға А4 форматындағы кеңсе қағазының 20,4 млн қаптамасы (51 мың тонна) импортталған. Оның 61% (31,3 мың тонна) ­– Ресейден, 30% (15,1 мың тонна) – Түркиядан, 8% (4 мың тонна) Қытайдан келген. Сөйтіп, Қазақстан нарығында А4 форматындағы қағаз өнімдерінің басым бөлігі «Снегурочка» және SvetoCopy брендтерінен құралған.

Ал елімізде кеңсеге арналған қағазды кесу және орау бойынша екі зауыт жұмыс істейді. Былтыр кәсіпорындар 600 мың А4 қағаз бумасын өндіріп, ішкі нарықтағы барлық тұтыну көлемінің 5%-ын қамтыған.

Екі зауыттың бірі – «Qagaz Ordasy» ЖШС жылына 3 млн бума, ал Goida.kz 3,6 млн бумаға дейін А4 кеңсе қағазын шығара алатын қауқары бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама