Байзақтағы жарылыс: депутаттар қаза тапқандардың жесіріне өмір бойы төлем жасауды қолдамады
Тәуелсіздік жылдары төтенше жағдайлар министрлігінде жұмыс істеген 69 адам қызмет барысында қайтыс болған
Қаңтар оқиғасынан кейін қызмет барысында қайтыс болған әскерилер, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлеріне қатысты заңға өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес қызмет барысында қайтыс болған қызметкердің жесіріне марқұмның соңғы жалақысының 40%-ы өмір бойы төленеді, ұл-қызына 23 жасқа толғанша қаржылай көмек беріледі. Алайда отбасының асыраушысы 2022 жылға дейін қайтыс болған әйелдер бұл көмекті ала алмайды.
Halyq Uni осы мәселені көтеріп, бірнеше ведомствоға ресми сауал да жолдаған. Оған ішкі істер, қорғаныс және төтенше жағдайлар министрлігі жауап берді. Министрліктер бұл өзгерістерге Мәжілістің VII шақырылым депутаттары бастамашы болғанын мәлімдеді. Дегенмен ІІМ «бәріне бірдей жағдай жасалғанын» қолдайтынын жасырмады. Төтенше жағдайлар министрлігі өмір бойы төлем алатын отбасылардың тізімін кеңейтуді, Байзақтағы жарылыстан қаза тапқандардың отбасына да өмір бойы төлем жасауды жауапты органдарға енгізуді жоспарлап отырғанын хабарлады.
Министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізетінін мәлімдеген еді. Бұл – министрліктің 2023 жылдың мамырындағы мәлімдемесі.
Араға бірнеше ай өткен соң редакция министрлікке қайта сұрау салып, заңға енгізілуі мүмкін өзгерістерді нақтылады.
Төтенше жағдайлар министрлігі расымен де заң жобасына түзету әзірлеген. Алайда Парламент Сенатының жұмыс тобында әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу бөлігінде әзірленген түзету алынып тасталған. Уәж ретінде бұл мәселенің кешенді пысықтауды қажет ететінін, республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу қажет екенін көрсеткен. Өйткені бұл норма тек құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің отбасына ғана емес, барлық күш құрылымы қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне әсер етеді.
ҚЫЗМЕТКЕР ЖАРАҚАТ АЛСА ҚАНША ҚАРЖЫ ТӨЛЕНЕДІ?
Министрліктен қайтыс болған мен мертіккен қызметкерлердің отбасына жыл сайын қанша қаражат берілетінін нақтыладық. «Құқық қорғау қызметі туралы» 66-баптың 3 бөлігіне сәйкес, азамат қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болған жағдайда оның соңғы атқарған лауазымы бойынша 60 айлық жалақысы беріледі. Ал ауыр жарақат алса, оларға 1,5 айлық, жеңіл жарақат алса жарты айлық түрінде бір реттік қаржылай өтемақы төленеді.
Республикалық бюджетті нақтылау барысында 2022 жылы төтенше жағдайлар министрлігіне осындай жағдайдағы өтемақы үшін қосымша 105 млн 351 мың теңге бөлінді. Оның ішінде 96 млн 383 мың теңге азаматтық қорғау органдарында қайтыс болған 10 адамның отбасына берілген. Ал мертіккен 42 қызметкерге 8 млн 968 мың теңге берілді, - деп жауап берді министрлік.
Байзақ ауданындағы қорғаныс министрлігінің әскери бөліміндегі жарылыс кезінде мертіккен екі қызметкерге 2023 жылдың 10 айында 2 млн теңге төленген.
Айта кетейік, 2022 жылы министрлікте қызмет барысында азаматтық қорғау органының 2 қызметкері қаза тапқан. Олар – Астанада көпқабатты үйдегі өрттен 3 адамды құтқарып қалған өрт сөндіруші Асқар Забикулин мен Абай облысында қызметін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Айдос Тоғызбаевтың отбасы. Асқар Забикулиннің артында 2 баласы, Айдос Тоғызбаевтың 5 баласы қалды. Олардың отбасына бір реттік өтемақы ретінде 19 млн 143 мың теңге берілген.
Забикулин мен Тоғызбаевтың әйелі мен ұл-қызына ай сайын өтемақы төленеді. Оның сомасы 2022 жылы 735 мың теңге болған, 2023 жылы 4 млн 716 мың теңге қарастырылған. Төлем марқұмның қанша баласы бар екеніне және соңғы жалақысына қарай тағайындалады.
2023 жылдың мамырында азаматтық қорғау органының бір қызметкері қаза тапты. Қызметкердің қазасына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, - делінген ақпаратта.
2024-2026 жылдардағы республикалық бюджеттен қайтыс болған 2 қызметкердің отбасына ай сайын төлем жасауға 5 млн 644 мың теңге бөлінген. Қызмет барысында мертіккен 2 қызметкердің отбасына ай сайын төлем жасау үшін 2 млн 434 мың теңге қарастырылған.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Қазақстан тәуелсіздік алған 32 жылда төтенше жағдайлар министрлігінде жұмыс істеген 69 адам жұмыс барысында қайтыс болған. Оның ішінде 46 адам өрт сөндіру кезінде қаза тапты.