×

Астанада үш адамды құтқарған өрт сөндіруші қайтыс болды

Асқар Забикулин бірнеше күн жансақтау бөлімінде өмір үшін күресті

 Дастан Жұмабекұлы 20.11.2022 | 14:01
коллаж: Halyq Uni

Астанада үш адамның өмірін ажалдан құтқарып қалған өрт сөндіруші Асқар Забикулин көз жұмды.

Бүгін ауруханада жатқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин қайтыс болды. Оның өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер бірнеше тәулік бойы аянбай еңбек етті. Асқар Астана қаласында болған өрт кезінде адамдардың өмірін құтқару кезінде батырлық танытты, –  деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.     

Сондай-ақ ведомство ұжымы марқұмның туған-туыстарына, жақындарына қайғыра көңіл айтты.

Ол өз ісінің маманы ретінде жадымызда мәңгі қалады. Асқар ақжарқын адам, жауапты қызметкер, кәсіби өрт сөндіруші және сауатты маман болды. Әріптестері арасында әділ, өз мамандығын сүйетін қызметкер ретінде құрметке ие, –  делінген хабарламада.

Оның артында зайыбы мен екі баласы қалды. Енді Төтенше жағдайлар министрлігі қайтыс болған өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек көрсетпек.

Еске сала кетсек, 17 қарашада Астанадағы көпқабатты үйде өрт болып, 3 адам, оның ішінде 1 бала ауруханаға түскен еді. Өрт көпқабатты үйдің 11-қабатында тұтанған. Өрт сөндіруші Асқар Забикулин пәтерге терезеден кіру үшін құтқару арқанымен 12-қабаттан 11-қабатқа түскен. Ішке кіру үшін қоршауды алып тастап, үстіндегі камуфляж киімімен жанып жатқан пәтерге кіріп, 80 жастағы әжей мен 22 жастағы немересін оттан шығарған. Сонымен бірге, қою түтіннен шыға алмай, балконға жасырынған 10 жастағы баланы құтқарып үлгерген.

Асқар Забикулин асқан жанкештілікпен тілсіз жаудан бірнеше адамды құтқарып қалды. Алайда өзі ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен еді. Оның денесінің 80 пайызын күйік шалған болатын.

Осыдан кейін мемлекет басшысы Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Атап айтқанда, қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Астана қаласы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен, Астана қаласы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №10 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Аян Кемпіров III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама