Заңда рұқсат етілген, бірақ банктер құлықсыз. Цифрлық активтерді айырбастаудың негізгі кедергілері не?
Криптобиржалар мен банктер арасында Жол картасы жасалған
Сәуірден бастап елімізде «Цифрлық активтер туралы» заң қолданысқа түсті. Сала өкілдері бұл заңды өте жақсы қадам ретінде қабылдағанымен, бәрібір жеткіліксіз деп санайтындарын айтады.
Алайда «Altyn Qyran Group» АҚ комплаенс және тәуекелдерді басқару департаментінің басшысы Дәурен Қарашевтің айтуынша, заң жүзінде банктердің онда операцияларын жасай беруіне еш кедергі жоқ. Тіпті, ол жөнінде арнайы Жол картасын да жасалған.
Тақырыпты тарқатып айтсақ, Қазақстан заңы бойынша цифрлық активтерді ел аумағында ешкім сата алмайды. Ол үшін АХҚО-да баруы керек. Онда аккредиттелген, лицензия алған криптобиржалар бар. Ал активтерді айырбастау Қазақстан заңымен емес, сол қаржы орталығының ішкі актілеріне сай жүреді.
Оның үстіне, криптоқаржы айналымының қаупі де бар. Осы криптоактивтер арқылы үлкен көлемде ақша жымқыруы да мүмкін. Сондықтан Орталықтың қорқынышы болуы да орынды. Бірақ заң тұрғысынан еш кедергі жоқ.
2021 жылы сондай кедергі болды. Мысалы, Ұлттық банк №188 Қаулысымен банктерге криптобиржалармен әріптестік орнатуға тікелей тыйым салды. Қазақстандықтар амалсыз шетелдік банктермен жұмыс істеп жүрді. Сосын біздің қауымдастықтың бастамасымен жұмыс тобы (оған сала мамандарымен бірге салалық министрлік, ҰБ өкілдері де кіреді) криптооперацияларға қызмет көрсетуге тыйым салу деген 4 тармағын қайта қарап, кедергіні алып тастады, дейді Дәурен Қарашев.
Нәтижесінде 2022 жылдын басында криптобиржалар мен ЕДБ өзара қарым-қатынас жөнінде Жол картасын жасады. Сол құжат бойынша осы күнге дейін жұмыс істеп келеді. Ал биржалар мен банктердің өзара тіл табыса алмайтын сәттерін сарапшы заңға қатысы жоқ, техникалық жайттар деп есептейді.
Тағы бір айта кетерлігі, мұнда реттеуші – АХҚО. Олардың талабы қатал. Өйткені, қаржы жымқыру, терроризмді қаржыландыру сынды орасан қауіптері де бар. Сондықтан қаржы орталығы тым жоғары талап қояды дегенге келісем. Бірақ бізде әлі бастапқы кезең. Ал бастапқы кезде криптоюбиржа ақшасын айналдырып алғанша қаржы орталығы қандай да бір жеңілдік жасауы да мүмкін, дейді ол.
Сарапшының ойынша, 2024 жылдан бастап майнерлер осы циклға қосылғанда банктер де пайдасын едәуір сезіне бастайтынына сенімді. Өйткені, Қазақстанда криптовалюта өте көп өндіріледі. Демек, оны конвертациялағанда банктердің табысы да арта түседі.
Ал ATAIX криптобиржасының инновациялар жөніндегі директоры Александр Коноховтың айтуынша, өкінішке қарай, Қазақстанның заңнамалық базасы, әсіресе банктер нарықта шетелдік ойыншылардың көптеп келуіне дайын емес.
Оның сөзінше, банктер криптоактивтермен өте қиын жұмыс істейді. Іс жүзінде криптоға оң қарайтын екі-ақ банкті атауға болады. Қазақстанның әлемдік криптоактивтер нарығында маңызды ойыншы болуына өте зор мүмкіндігі бар. Алайда әзірге заңнамалық база тым кейін қалып тұр.