×

«Жағдай түбегелейлі өзгереді»: Қазақстанда цифрлық активтер саласын қандай өзгерістер күтіп тұр?

Енді майнерлер Қазақстанда тіркелуге міндетті

 Айнұр Шошаева 04.05.2023 | 09:25
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда 1 маусымнан бастап цифрлық активтер индустриясының ойыншылары жаңа тәртіппен жұмыс істейтін болады. Жақында күшіне енетін «Цифрлық активтер туралы» заң нарықтың ойыншылары үшін бұрын болмаған ережені қалыптастырады, деп хабарлайды Halyq Uni

Бұған дейін цифрлық активтер индустриясының ойыншыларының басым бөлігі нақты ойын ережесі болмағандықтан, көлеңкелі қызметпен айналысып, салықтан жалтарып келді. 

«Жаңа заң нарықтағы жағдайды түбегейлі өзгертеді. Бұған дейін қабылданған заңдарда саланы реттеу механизмдері болған жоқ. Қарапайым сөзбен айтсақ, ойын ережесі болған жоқ. Әркім қалауына қарай қаласа заңды, қаламаса заңсыз жұмыс істеді. Бұрынғы заңның басты кемшілігі нақты ереже болмағандықтан, цифрлік майнерлердің көбі энергетика саласындағы заң талаптарын елемей, салықтан жалтарды. Жаңа заңның артықшылығы цифрлық активтер индустриясының кез келген қатысушысын, мейлі ол шағын ойынша болса да, Қазақстанда тіркелуге мәжбүрлейді», – деді «Altyn Qyran Group» АҚ Комплаенс және тәуекелдерді басқару департаментінің басшысы Дәурен Қарашев

Оның айтуынша, заңда цифрлық майнингтік пул ұғымы пайда болды.

Жаңа заңға сәйкес, бізде үш салық төлеуші болады: біріншісі, цифрлік майнерлердің өздері. Екіншісі – цифрлық майнингтік пул ұғымы пайда болды. Ол заңға сәйкес аккредиттелген, майнерлердің цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешенінің қуаттарын біріктіру қызметін ұсынатын, цифрлық майнерлердің бірлескен қызметінің нәтижесінде алынған цифрлық активтерді олардың арасында бөлуді жүзеге асыратын заңды тұлға. Қарапайым тілде түсіндіретін болсақ, шағын майнерлердің бірігуін майнингтік пул деп айтады. Бұл ұғым енгізілгенге дейін оларды шетелдегі майнингтік пулдарға қосып келдік. Енді оларды Қазақстанда тіркелуге мәжбүрлейміз. Ол ең ашық механизм болып саналады. Өйткені олар арқылы қазақстандық цифрлік майнерлер өз табысын жасыра алмайды, – деп қосты ол. 

Үшінші салық түрін криптобиржалар төлейтін болады. Айта кетейік, Қазақстанда криптоактивтердің айналымына – оны сатып, сақтауға тыйым салынған.  Оны тек «Астана халықаралық қаржы орталығында» ғана сатып алуға болады. 

«АХҚО-да криптобиржалар бар, онда тіркелу үшін арнайы лицензия алады. Жаңа заңға сәйкес, 2024 жылдан бастап елімізде өндірілген криптоактивтердің 50 пайызын, ал 2025 жылдан бастап 75 пайызын криптобиржада сатылуы керек. Ол қандай пайда әкеледі? Криптобиржалар қазақстандық емес, көбі шетелдік. Бірақ олар салық төлейді. Оған қоса, майнингтік компанияның қызметіне ақша керек болса, биткойндарды сонда тапсырып, ұлттық валютаны ала алады. Жергілікті ақшаны беру үшін криптобиржалар мен еліміздің екінші деңгейлі банктері қарым-қатынас жасауы керек. Бұл мақсатта тиісті жол картасы бекітілген», – деп толықтырды Дәурен Қарашев. 

Сондай-ақ заңда цифрлық майнингті лицензиялау тәртібі енгізілген. Бүгінгі күнге дейін реттеуші органға тек ескерту хат жіберумен шектеліп келсе, енді арнайы лиценция алуға міндеттеледі. 

Лицензия берудің де тәртібі болады. Біріншісі мамандандырылған ангар, оған жалғанған электр энергиясы, әрі ол тұрғын емес аймақта болуы керек деген ірі майнерлерге қойылатын талап. Екіншісі – шағын ойыншыларға беріледі. Мысалы, бір майнерде тек цифрлік майнингке арналған құрылғылар ғана болып, ал қалған қажетті инфрақұрылым болмаған жағдайда, ол ірі майнерге келіп онымен келісім-шартқа отырады. Соның негізінде реттеуші органға жүгініп, лизенция алады. Нәтижесінде реттеуші орган индустриядағы ойыншыларды біліп отырады, – деп толықтырды сөзін маман. 

Осыған қоса, нарықта кейбір кәсіпкерлер белгілі бір қызмет түріне рұқсат алып, мәселен электр қуатына рұқсат болсын, шын мәнінде, олардың атқарған қызметінің 90 пайызы цифрлік майнинг екені анықталады. Әдетте, бұндайды, цифрлық майнингті жүзеге асырудың көлеңкелі схемасының бір түрі деп тануға болады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін заң кез келген басқа кәсіпкерлік қызметті цифрлық майнингпен біріктіруге тыйым салады. 

«Қазақстанда сұр майнерлердің үлесі үлкен» деп айтады. Енді оларды ұстайтын нақты тетіктер бар. Лицензиясын жұмыс істеп жатқан майнерлер қорқатын болады. Сұр майнерлерді неге ұстау мүмкін болмады? Себебі олар көбіне контейнерден ашып алып, тексеруші орган кезгенде оны артып басқа орынға көшіре салатын. Бұдан былай контейнерлік майнингке тыйым салынады, – дейді спикер.

Бұған қоса, маман заңсыз жұмыс істеп жатқан майнинг фермалары қалай болғанда да әшкереленетініне сенімді. 

«Себебі олар лицензия алуы үшін бәрібір шығады. Қолданыстағы құрылғыларын декларациялағанда сұрақ қойылады. Қосымша кеден органдарынан ақпарат сұралуы мүмкін. Заңсыз жұмыс істегені анықталса, қалай болғанда салық төлеуге тура келеді. Жалпы, бұл заң нарықта бұрын болмаған тәртіпті орнатады. Ойыншыларға ықпал ету тетігі мен бюджетке салық әкеледі. Сонымен қатар цифрлік майнингпен байланысты жаңа салалардың пайда болуына әкеледі. Мысалы, құрылғы істен шықса сервистік орталықтар қажет болады. Бүгінгі таңда цифрлық майнерлер жасыл энергетиканы дамытуға, жаңартылатын энергия көздерін салуға инвестиция тарту жобаларын жүзеге асыруға кірісіп жатыр. Сондықтан уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан тиісті қолдау болмаса, цифрлық майнинг саласы Қазақстаннан кетуі мүмкін. Демек, Қазақстанда жасыл энергетиканың және тұтастай алғанда блокчейн технологияларының дамуына қауіп төнетіні сөзсіз», - деп қорытындылады Дәурен Қарашев

Серіктес жаңалықтары

Сараптама