×

Астанада былық-шылыққа белшеден батқан ректор жұмыстан босатылды

Университеттің басшылық құрамы 87 118 360 теңге көлемінде сыйақы алған

 Еркеғали Болатұлы 07.10.2022 | 10:59
фото: ашық дереккөз

5 қыркүйек күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 65 жылдығын мерекелеу қарсаңында басқарма төрағасы Қайрат Айтуғанов Ауылшаруашылығы министірлігінің және «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма басшылығының шешімімен жұмыстан босатылды.

Әрине Астана төріндегі белгілі білім ордасында не жағдай болды дегенді біз де зерделеп көрдік. Сөйтсек, бірнеше қателіктер болған екен. Оның алғашқысы – университеттің еншілес ұйымы болып табылатын А.Бараев атындағы астық шаруашылығындағы жағдай. Атап айтқанда, былтыр 13 шілдеде «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ ішкі аудит қызметін тексеріске жіберген. Сонда Бараев институтының шоттарынан 221,8 млн теңгенің заңсыз аударылғаны анықталды.

«Тексеріс көрсеткендей, өткен жылдың шілде айында Бараев орталығының басқарма төрағасы Серекпаев мемлекеттік сатып алу рәсімдерін сақтамай, «AGROOPTTRADE» ЖШС-мен 400 мың долларды құрайтын 1 777 тонна құрама жемдік бидайды сатып алу туралы негізсіз шарт жасасқан. Бұл сатып алу институттың жылдық мемлекеттік сатып алу жоспарында қарастырылмаған», - делінген хаттамада.

Хаттаманың толық нұсқасы inbusiness.kz сайтында биыл 8 тамызда жарияланды.

Сонымен, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КеАҚ бас есепшісі Г. Нұрсейітованы қызметінен босату және университеттің директорлар кеңесінің жеке шешімімен ЖОО-ның сол кездегі басқарма төрағасы Қайрат Айтуғановқа тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Одан бөлек, директорлар кеңесі Ауыл шаруашылығы министрлігіне ақшаны қайтарып, кінәлілерді жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынды.

Байқап қарасаңыз, бұл дегенің – үлкен қаражат. Мемлекет қаржысын талан-таражға салған жағдай анықталған кезде А.Бараев атындағы астық шаруашылығы иниститутының басшысымен қоса, университет басшылығы да жұмыстан кетіп, жауапқа тартылуы керектұғын. Бұл жерде тек қарапайым орындаушы болып саналатын есепші ғана жазаланған. Осы тұс біз үшін өте күмәнді болып отыр.

Ал ҚазАТУ басшылығына байланысты мына бір деректі Halyq Uni сайты биыл 9 қыркүйекте жариялаған. Онда «2021 жылы Қазақстандағы жоғары оқу орындарының басшылары 3,1 млрд теңге сыйақы алған», - деп көрсеткен. БАҚ тілшісі мәліметтердің Қаржы министрлігі «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ есебінен алынғандығын растайды. Бұл тізімде біз жоғарыда атап өткен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің тікелей басшылыға да тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Университеттің басшылық құрамы 87 118 360 теңге көлемінде сыйақы алған екен. Бұл деректі Қайрат Айтуғановтың тағы бір үлкен қателігі деп түсінген жөн.

Соңғы кездері университет қызметкерлерінің жиі-жиі шу шығарып, басшылық тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын әшкерелегенін әлеуметтік желіден байқаған болатынбыз. Ал кейін nege.kz сайты Қайрат Айтуғановтың басындағы тағы бір даулы мәселені жайып салды.

Онда Қайрат Айтуғановтың 2010 жылы «Проблемы развития интеграции в аграрной сфере Казахстана» атты диссертациясын сәтті қорғағаны айтылған. «Араға 12 жыл салып, дәл осы диссертацияға қатысты қызық деректер пайда боларын кезінде ол да, біз де білмедік»,- деп отыр дереккөз.

Мұнда Айтуғановтың ғылыми жұмысынан экономика ғылымдарының кандидаты Надежда Лебедеваның Ресейдің Орел қаласында 2006 жылы қорғаған «Управление инвестиционной деятельностью на основе развития институциональных реформ частно-государственного партнерства» диссертациясы авторефератының мәтіндері кездесетіні көрсетілген. Сондай-ақ ғылыми жұмыс кіріспесінің айнақатесіз Ресейдің экономика саласындағы ғалымы Зарема Куектен көшіріп алынғанын фотоайғақ айқындап тұр.

Осы бір қателіктер С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басшысы Қайтар Айтуғановтың басына бәле болып жабысқаны белгілі. Ал университеттің ішінде қандай жағдайлар болып жатқаны және болғаны жөнінде кейінірек біле жатармыз.

Төменде екі ғылыми жұмыстың кіріспесі берілген (құжат nege.kz-тен алынды).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама